Ел назарын аударғысы келді – Төреғали туралы отандық жұлдыздар не дейді

Ең алдымен әнші Мөлдір Әуелбекова Төреғали туралы үн қатты.
«Әрине, дұрыс деп айта алмаймын. Ал жалпы айтарым, Төреш пен оның отбасы – жақсы адамдар. Ол да бір ананың баласы, ұл-қыздың әкесі. Бір білерім, оның басында да іштен тынып, сыр білдірмей жүрген сынақтары бар. Кейбіреулер желіге ауыр сөз жазарда ойланса екен. Анасына өте ауыр ғой, аналар жыламасыншы», - деп жазды Мөлдір Әуелбекова Instagram желісінде.
Танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова ел назары өрттен дауға ауысты деп қынжылуда.
«Аңғалмыз, тез алданамыз. 15 марқұмның топырағы да суып үлгермеді ғой. 60 мың гектар орман күлге айналып әлі дымқып жатыр. Ел назары бір сәтте басқа шуға ауа кетті. Адамның басы Алланың добы емес пе? Біреудің шалыс басқан сәтінде неге ғайбатқа дайын отырамыз? Заң бұзғандарды жазалау – құзырлылардың ісі. Жығылғанға жұдырық болмай, сабырлық танытайықшы. Алда кімді не күтіп тұрғанын кім білген? Доғарайықшы», - деп жазды актриса.
Әнші Меруерт Түсіпбаева да дәл сондай пікірде.
«Кей адамдар әртісті ұстап, басты тақырыпты жапқысы келеді. Сайлау кезінде – Еркенің тойын жырлап, өрттің соңында – Төрені ұстап… Жақсы амал, негізі», - дейді М. Түсіпбаева.
Сонымен бірге, әнші Қуандық Рахым әріптесіне қолдау көрсетті.
«Пенденің қашан да түп-түзу шықпайды есебі, содан соң туады жала мен өсегі. Алла қаласа, су да жанады, от та өшеді. Алла қаласа қиын күрмеудің түйінін шешеді. Ақтап алып жатқан жоқпын, бірақ Алла енді мұндай сынақ бермесін», - деді ол.
Еске салсақ, Алматыда есірткіге масайған көлік жүргізуші полицейлерге бой бермей, оқиғаға орнынан қашпақ болғаны хабарланған еді. Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушінің ұстады және медициналық сараптама нәтижесінде оның есірткіге мас екендігі белгілі болды.
Алматы қалалық сотының мәліметінше, есірткіге масайған көлік жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Ол 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылды. Сот отырысында құқық бұзушы іс материалдарында баяндалған фактілерді растап, өкінетінін айтқан.
Айта кетсек, пабликтер ресми ақпаратта «А. есімді азамат» деп берілген көлік жүргізушінің Төреғали Төрәлі (Алиханов – ред.) екенін жаппай жазды.