Ел өңірлерінде ашылатын жаңа казиноларға Қазақстан азаматтары кіре алмайды

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің басқа да өңірлерінде ашылатын жаңа казиноларға тек шетел азаматтарының кіруіне рұқсат етіледі. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев мәлім етті. 

Ел өңірлерінде ашылатын жаңа казиноларға Қазақстан азаматтары кіре алмайды
Фото: pexels

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер ел өңірлерінде ойын бизнесін орналастыруға рұқсат етілетін аумақтардың тізбесін кеңейту нормасына қатысты сұрақ қойды. «Бүгін Сенатта мақұлданған заң аясында бірнеше өңірде ашылатын казиноларға тек шетел азаматтарының кіруіне рұқсат етілген. Осы орайда бұл казиноларға Қазақстан азаматтарын өткізбеуді кімдер бақылайды?», - деп сұрады журналистер.

Өз кезегінде вице-министр жаңадан ашылатын казино орталықтарының өздеріне жауапкершілік жүктелетінін айтты.

– Жалпы, қазірдің өзінде казиноға кіру үшін адамдардан міндетті түрде құжаттар (жеке куәлік немесе төлқұжат) сұрайды. Осы арқылы база борышкерлер мен лудомандарды анықтайды. Дәл сондай норманы жаңадан ашылатын казиноларға енгіземіз. Бұл тұрғыда шетел немесе Қазақстан азаматтарын анықтау тетігі болады, яғни ел азаматтарына жаңа казиноларға кіруге тыйым салынады. Электронды жүйе көмегімен бұл тексерулерді казиноның өзі іске асырады, - деді Серік Жарасбаев.

Оның айтуынша, казиноға заңсыз кіруге талпынғандарға қомақты сомада айыппұл салынады. Ал егер казиноның өзі заңсыз әрекеттер жасаса, онда лицензиясы қайтарылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң мақұлданды

Заңмен еліміздің ойын бизнесін орналастыруға рұқсат етілетін аумақтардың тізбесі кеңейтіледі. Бұрынғы Қапшағай, Бурабайдан бөлек, енді Маңғыстау, Жетісу, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының туристік маңызы бар аймақтарында жаңа ойын зоналарының құрылуы өңірлерге инвесторлар мен шетелдік саяхатшыларды тартудың қосымша тетігіне айналады. Бұл ретте заңда маңызды әлеуметтік және экономикалық тосқауыл қойылған: жаңадан белгіленген аумақтардағы ойын мекемелеріне тек шетелдік азаматтардың кіруіне рұқсат беріледі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум