«Еларнада» «Бажалар» жаңа комедиялық телехикая көрсетіледі. ВИДЕО

Бажа - туыстық атауға жататын ұғым. Нақтырақ айтсақ, апалы-сіңлілі немесе туысқан қыздарға үйленген жігіттер бір-біріне бажа болады. Бажалар арасында өзара туыстық байланыс болмаса да, кез келген отбасында ерекше ықыласқа бөленеді. Олардың өз қыр-сырлары, ешкімге айтылмайтын құпиялары, оған қоса тек өздеріне тән әзіл-қалжыңы бар. Назарларыңызға ұсынылатын жаңа топтама үш бажа, үш достың хикаялары жайлы болмақ.
Аталымы айтып тұрғандай, телехикаядағы оқиғалар қазақтың туыстық қарым-қатынасындағы бажалардың өмірі туралы болмақ. «Бұл бұрын-соңды қазақ киносында қозғалмаған тақырып. Сондықтан, көрермендерді қызықтырады деген ойдамыз», - дейді телехикая продюсері Ақылбек Досжанов.
Қазақы көрермендердің жанына жақын болатын бұл телехикаяның ерекшелігі - қарапайым отбасына бажалардың келуі. Олардың арасындағы туыстық қарым-қатынастардың жаңа қырларын ашуға себеп болатын қызықты оқиғалар, жарасымды әзілдермен таңғалдырып қана қоймай, белгілі бір тұрмыстық мәселелердің шешілу жолдарын шынайы күлкі сыйлай отырып, бізге жеткізетін болады.
Шығармашылық топтың мүшелері комедия жанрына тән бірнеше туындыларды дүниеге әкеліп үлгерді. Олар «ВУЗеры», «Айналайын», «Үй болу қиын» сериалдары, сондай-ақ «Мәссаған», «Ду Қол Шоколад», «Большая Разница -Казахстан» секілді әзілге толы шоу-бағдарламаларын жасады. Сонымен қатар, айта кететін нәрсе, бұл шығармашылық топ тек өз еліміз ғана емес, оған қоса ресейлік «Шесть кадров», «Папины дочки», «Игрушки», «Счастливы вместе», «Развод по-русски» сияқты белгілі сериалдардың сценарийін жазуымен де айналысқан.
«Бажалар» телехикаясының басты рөлдерінде: Қадырғазы Қуандықов, Райхан Қалиолдина, Айнұр Ілиясова, Ербол Садырбаев, Бақыт Кенебай, Қуаныш Тұрдалин, Алия Телебарисова, Қуаныш Керімқұлов және т.б.
Екі жыл New York Film Academy-де білімін шыңдап келген Асқар Бисембин жобаға Лос-Анжелестен арнайы қоюшы-оператор Гонзало Дидженионы шақырды.
Бұл жаңа ситкомды «B.A.S. production» шығармашылық тобы ұсынады.
Жоба және сценарий авторлары: Марат Оралғазин, Рүстем Омаров, Асқар Бисембин.
Продюсері - Ақылбек Досжанов.
"Бажалар" телехикаясының саундтрегі. "Арай" тобы
Телехикаяның тизері