Елбасы: Әлемде тауар айырбасы үшін ортақ валюта керек

АСТАНА. Қаңтардың 24-і. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - «Әлем елдері аймақтық валютадан гөрі, ортақ - әлемдік валюта қабылдауы керек», деп санайды Елбасы.
None
None
Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін қазақстан-үнді бизнес форумында сөйлеген сөзінде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, барлық елдер қазір әлемдік қаржы дағдарысын басынан кешіріп жатыр және дағдарыстан кейінгі жағдайдың қалай болатындығы әзірге беймәлім. Жағдайдың бұрынғыдай болмайтыны анық. Қазір көп елдер өз аймақтық валюталарын жасау туралы айта бастады. Латын Америкасы да, араб елдері де. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аумағында да ондай әңгімелер жоқ емес. Елбасының пікірінше, «егер әлем осы шектеулі жолмен кетсе, онда бізді берекетсіздік күтіп тұр». Үндістан - үлкен ел, ол ауқымы жағынан әлемдегі төртінші экономикаға ие және ол G8, G20 сияқты саммиттердің қатысушысы. Қазақстан аталған проблеманың шешімі - ортақ әлемдік валютаны жасау деп санайды. «Менің ойымша, бұл шараның келешегі сол, біз қазіргідей бір эмитентті емес, әділ әлемдік валютаға ие болар едік. Қазіргі валюта демократиялық емес, азат емес, бәсеке қабілеттілігі жоқ, бақылаусыз әлемдік валюта. Барлық әлем елдері БҰҰ қабылдаған және тиісті комиссиялар бақылайтын тауарлардың айырбасы үшін әлемдік ортақ валютаны қабылдауға келісуі қажет және біздің де ол әлемдік валютаға қатысымыз болуы керек», - деді Елбасы өз сөзінде. Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Үндістанда мемлекеттік сапармен жүр.
Соңғы жаңалықтар