Елбасы: Еліміздің әр облысы бір Олимпиада чемпионынан тәрбиелеп шықса, бұл бізге жеткілікті
АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдайлар жасалуда.
Бұл туралы бүгін Астанадағы Тәуелсіздік Сарайында ХХХ Лондон Олимпиадасында қазақстандық спортшылардың қол жеткізген зор жетістігінің құрметіне арналған салтанатты шара барасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
Елбасы табысты олимпиадашылардың қатары еліміздің барлық өңірлерінен шығып отырғандығын айта келе, «Егер еліміздің әр облысы бір Олимпиада жеңімпазынан тәрбиелеп шықса, бұл бізге жеткілікті»,-деп тоқталды.
Осы орайда Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда жаңадан спорт кешендері іске қосылып жатқандығын, сондай-ақ спортпен айналысатын қазақстандықтардың саны 3 млн. адамнан асып отырғандығын жеткізді. «Біз бұдан ары қарай да спортты қолдау саясатын жалғастырамыз»,-деді Президент.
Тұманды Альбионда қазақстандық құрама жалпы 13 медальді қанжығаға байлады. Оның ішінде жетеуі алтын, 1 күміс және 5 қола жүлде бар. Ресми емес командалық есепте Қазақстан спортшылары (алтын саны бойынша) 12-ші орында тұғырланды. Айта кетейік, 2008 жылдағы Бейжің Олимпиадасымен салыстарғанда көрсеткіш айтарлықтай артып отыр.