Елбасы Кеден одағы елдерінің ішкі істер министрлерін қабылдады

СТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлерін: Ресей Федерациясының ІІМ министрі - Рашид Нұрғалиевті, Беларусь Республикасының ІІМ министрі - Анатолий Кулешовты және Қазақстанның ІІМ министрі - Серік Баймағанбетовты қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметінен.

Елбасы  Кеден одағы елдерінің ішкі істер  министрлерін  қабылдады

Министрлер Н.Назарбаевқа Астанада өткен Кеден одағы елдері Ішкі істер министрлері кеңесінің қорытындысы туралы баян етті. Атап айтқанда, Қазақстан, Беларусь және Ресейдің құқық қорғау органдарының ұйымдасқан қылмыспен, есірткі бизнесімен және заңсыз көші-қонмен күресудегі, ортақ кедендік кеңістікте ақпараттық алмасудағы ынтымақтастығын дамыту мәселелері туралы айтып берді.

Кездесуден кейін болған брифингте Рашид Нұрғалиев пен Анатолий Кулешов Қазақстанның құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді.

- Ресейдің ішкі істер министрлігінде реформалар жүріп жатыр. Бізде де бірінші міндет - басқа құрылымдарға қиындықсыз беруге болатын ведомствоға тән емес қызметтерден қол үзу және барлық назарды қылмыспен күресуге аудару болып табылады. Қазақстанның құқық қорғау жүйесіндегі жаңарулардың барлық негізгі бағыттарын мен қолдаймын, - деді Ресейдің ішкі істер министрі.

- Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың басты мақсаты - полицияның жұмысын жақсарту. Бұл шаралар ішкі істер органдарының жұмыстарын халыққа жақындатуға мүмкіндік береді, - деп атап көрсетті А.Кулешов өз кезегінде.