Елбасы Кеден одағы келешекте ықпалдастықтың барынша жоғары сатысына - Біртұтас экономикалық кеңістікті құруға негіз болатындығына сенімді
Президент бұл пікірін бүгін Минскіде өткен Мемлекет басшылары деңгейіндегі ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің кезекті мәжілісінен кейінгі баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасының айтуынша, осылайша іс жүзінде дамудағы ортақ ережесі, тәсілдері бар Біртұтас экономикалық кешен құрылады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақты құруға негіз болады.
«Кеден одағының құрылуы бірінші қадам. Біз оны іске асырдық. Онсыз екінші қадамды істеу мүмкін емес еді. Екіншісі, ол біздердің мемлекеттеріміздің Біртұтас экономикалық кеңістікті тездетіп қалыптастыруы», деген Елбасы бүгін қабылданған шешімдері сөз жоқ ,ірі перспективалардға жол ашатынын айтты.
Н. Назарбаевтың айтуынша, «біріншіден Біртұтас кеден аймағын құру үш елдің әртүрлі бағыттар бойынша кең ауқымды ынтымақтасу мүмкіндігін арттырады. Ең алдымен бірлескен өндірістер мен кооперацияларды құрудағы күш жігерді біріктіреді. Бұл жаңа индустрияландыру, тауарлардың сыртқы экспанциясынан бірлесіп қорғану үшін төтенше маңызды. «Екіншіден, үш мемлекеттің азаматтары шекарадан өткенде кедендік төлемдерді рәсімдеусіз, көптеген құжаттарды рәсімдеуді күтпей-ақ бір-бірімен еркін сауда-саттық жасай алады. Үшіншіден, біздердің елдеріміздің ортақ рыногы 2 трлн. доллар, яғни, инвестиция үшін тартымды деген сөз. Бұл дегеніміз, кәсіпкерлер қосымша ресурстарды тарта алады. Осылайша біздердің экономикаларымыз айтарлықтай серпін алып, жаңа жұмыс орындары құрылады, халыққа арналған өнімдердің түр-түрі кеңейеді», деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, төртіншіден, үш елдің рыногындағы бәсекелестік артады. Бұл тауарлардың сапасының жақсаруына, қолжетімділігіне ықпал етеді. «Бұл біздің халықтарымыздың өмір деңгейіне оң ықпал ететіндігіне сенімдімін», -деді Президент.
«Бесіншіден, біз мемлекеттеріміздің ауқымды транзиттік әлеуетін мейлінше тиімді пайдалана аламыз. Нәтижесінде, біздің елдердің табыстары ұлғаяды, бұл дегеніміз халық пен бизнесті қолдаудағы мемлекеттің де мүмкіндіктері ұлғаяды деген сөз. Біздердің елдердің кәсіпкерлері халықаралық рыноктарға шығуда, өздерінің өнімдерін сатуда жақсы шарттарға ие болады. Мәселен, қазақстандық компаниялардың Еуропа рыногына, біздің әріптестеріміздің Азия рыногына шығуы жеңілдейді. Кеден одағы келешекте ықпалдастықтың барынша жоғары сатысына айналады», - деді Н. Назарбаев.