Елбасы мемлекеттік қызмет туралы заң жобасына вето қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасына вето қойды. Бұл туралы Ақордада өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында мәлім болды.

Елбасы мемлекеттік қызмет туралы заң жобасына вето қойды

«Бүгін мен мемлекеттік қызмет туралы заңға вето қойдым және оны Парламентке қайтарамын. Менің өзгертулерімді қарастыруды сұраймын»,-деді Н. Назарбаев.

Осы орайда Президент заңды зейнеткерлік жасқа жету бойынша мемлекеттік қызметкерлердің зейнетке шығуы тұрғысында нақты ұстанымды анықтау керек екенін атап өтті.

«Жетер, 25 жыл барлығын ұстап тұрдық, шығу керек. Әрқайсысында шығатын нақты мерзімі бар. Кеңестік кезеңде 2-3 жылда егер босатса, қуанып, кететін еді, ал қазір ешкім шыққысы (зейнетке) келмейді», - деді Елбасы.

Осы орайда Президент бұл мәселе іріктеулі лауазымдарға қатысты емес екенін атап өтті.

«Зейнеткерлікке шығудың нақты мерзімі бар. Барша деңгейлерде Қазақстан бойынша осындай қанша адамдардың отырғанын білемін. Бұл саяси қызметкерлерге де таралуы керек. Жалғыз ерекшелік - заң жобасында Президент тағайындайтын бірқатар саяси мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдарын қарастыруды ұсынамыз, яғни олардың шығуын Президент өзінің рұқсатымен 1-ден 5 жылға дейін ұзартады немесе ұзартпауы да мүмкін», - деді Н. Назарбаев.