Елбасы «Минск-Мәскеу-Астана-Алматы» жүрдек теміржол магистралін салу керектігін айтты
Телекоммуникацияның бірыңғай еуразиялық желісін құруды ұсынды. «Еуразиялық экономикалық одақтың аумағы жалпыконтинентальдық және барша Еуразияның ауқымындағы инфрақұрылымның алдыңғы қатарлы буыны болуы тиіс. Бұл тұрғыда бірқатар жобаларды жүзеге асыру керек. Мысалы, Телекоммуникацияның бірыңғай еуразиялық желісін құру қажет», - деді Мемлекет басшысы. Мұнымен қоса Президент «Минск-Мәскеу-Астана-Алматы» бағдары бойынша жүрдек теміржол магистралін салу, қолданыстағы теміржол және автокөлік жолдары желісін жаңғырту мәселелерін көтерді. «Әсіресе, Батыста - Еуропалық елдерге, ал Шығыста - Қытайдың көлік жүйесіне шығатын бағыттар ескерілуі шарт. Сондай-ақ «Каспий-Қара теңіз каналы» жобасын жүзеге асыру қажет. Бұл көліктік коммуникациялар біздің экономикаларды қаншалық ықпалдастыруға бел буып отырғандығымызды көрсетеді және оған басқалары назар аударады», - деді Н.Назарбаев.