Елбасы Н.Назарбаев ядросыз әлем жолында шешімін таппаған 5 мәселені атады
АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада өтіп жатқан «Ядросыз әлем үшін форумы» атты халықаралық конференция барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ядросыз әлем жолында шешімін таппаған 5 мәселені атады.
Соңғы 20 жылдың ішінде ядросыз әлем жолында айтарлықтай қадамдар жасалғанымен шешімін таппаған күрделі мәселелердің де қалып отырғандығына тоқталған Елбасы: «Біріншіден, ядролық қауіпсіздіктің өңірлік өлшемдерінің маңыздылығы біршама арттырылды. Бүгінде Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыста ядролық қарудың таралуын халықаралық бақылаудың тиімді жүйесі жоқ. Біз жекелеген мемлекеттер мен елдердің арасындағы қарама-қайшылықтарды да байқап отырмыз. Атом технологияларының халықаралық лаңкестердің қолына түсу қаупі де төніп тұр», - деді.
Мемлекет басшысының пайымынша, екіншіден, ядролық сынақтарға тыйым салу шарты айналасында да келеңсіз жағдай туындап отыр. Бірқатар ядролық және шекті елдер аталған құжатқа қол қою процесін ұзаққа созғандықтан шарт күшіне ене алмауда. Үшіншіден, ядролық қарусызданудың жаһандық процесіне ядролық клубтың кейбір алып елдері қатыспауда. Бүгінгі таңда ядролық мемлекеттік бірнеше түрі бар. Бұлар ресми ядролық елдер, атом қаруы бар елдер және шекті елдер. Ядролық қаруы бар мемлекеттер ядролық қаруы жоқ елдерге қауіпсіздік кепілін бере алмайды. Бұл ядролық қарудың әлемнің қатерлі өңірлеріне тарауына жол ашуы мүмкін.
«Төртіншіден, әлем қоғамдастығы бейбіт атомды дамытып келе жатқан мемлекеттерге қатысты әділ ұстанымды әлі тапқан жоқ. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың нормалары тек ядролық қарусыз мемлекеттерге қатысты ғана санкцияны көздейді. Басқа елдер ядроны әлі дамытуда. Бұл жағдайда сенімсіздік айтарлықтай проблемаға айналып отыр. Ал сенім болмаған жағдайда қауіпсіздіктің, оның ішінде ядролық қауіпсіздіктің ешқандай жүйесі тиімді жұмыс істемейді», - деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы бесінші мәселе ретінде атомды пайдаланудан, қазіргі замандағы бейбіт ядролық энергетика қауіпсіздігі режімін сақтаудан туындайтын қиындықтарды атады.