16:08, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Давоста 30 ірі әлемдік компаниялардың басшыларымен кездесті
ДАВОС. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Давоста (Швейцария) бизнес-ертеңгілік үстінде энергетика, мұнай химиясы және инвестициялар нарығындағы

"Альпинвест Партнерс" (Нидерланды), "Северсталь" (Ресей), "АБРААЖ Капитал" (БАӘ), "Зе Блакстоун Групп" (АҚШ), "Даэсанг Групп" (Корея Республикасы), "Мубадала Девелопмент" (БАЭ) сияқты және басқа да еліміз нарығында белсенді жұмыс жасап жатқан ірі 30 әлемдік компаниялардың басшыларымен кездесті.Кездесуге сондай-ақ Майкл Портер (Стратегия және бәсекелестік институтының өкілі, Гарвард бизнес мектебі) және Джордж Сорос («Сорос фанд менеджмент» компаниясының төрағасы) сияқты танымал американ экономистері мен қаржыгерлері қатысты. Мемлекет басшысы оларға Қазақстанның жоспарлары, Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы туралы әңгімелеп берді. Қазақстандық тараптан тікелей шетелдік инвестицияларға, металлургия, ауыл шаруашылығы, мұнай-химия, мұнай-газ машиналарын жасау және экономиканың басқа да салаларында өндірістік жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік білдірілді.
Өз кезегінде шетелдік кәсіпкерлер мен экономистер біздің елдегі инвестициялық ахуалға қызығушылық танытты. Кездесу пікір алысу тұрғысында өтті, оның қорытындысы бойынша қатысушылар ҚР министрліктерімен, ведомстволарымен және әкімдіктермен байланысты жолға қою үшін Астанада кездесуге уағдаласты. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Давосқа қаңтардың 28-і мен 31-і аралығында өтіп жатқан Бүкіләлемдік экономикалық форумның сессиясына қатысу үшін келді.