Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елбасы реформасы қарапайым қазақстандықтардың өмір сапасын түбегейлі өзгертеді - Б. Байбек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы реформасы негізінен азаматтардың мемлекетке сенімін арттыруға, азаматтық бастамалар мен қоғамдық бақылауды кеңейтуге бағытталған.

Елбасы реформасы қарапайым қазақстандықтардың өмір сапасын түбегейлі өзгертеді - Б. Байбек

Ендеше, осының өзі еліміздің әрбір азаматының маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысуын белсенді ете түседі. Бүгін «Қазақстан-2050» Демократиялық жалпыұлттық күштер коалициясының отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, коалиция жетекшісі Бауыржан Байбек осылай мәлімдеді.

Коалиция жетекшісінің айтуынша, бес реформа Елбасының жүзеге асырып келе жатқан мемлекеттік саясат бағытының қисынды жалғасы. Сондықтан да, бұл реформаларды кейінге ысыруға болмайтыны ескеріле келе, ол жарияланғаннан соң бірден «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылданған.

«Бес реформаны жүзеге асыру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған отыз елінің құрамына енуі үшін институционалдық негіз қалайды. Жалпы, бұл жолмен әлемнің ең табысты елдерінің барлығы да жүріп өткен. Шындығында, Елбасы реформасы қарапайым қазақстандықтардың өмір сапасын түбегейлі өзгертуді қамтамасыз етеді. Міне, дәл сондықтан да, реформалар шетелдік саясаткерлер мен сарапшылардың тарапынан жоғары бағаға ие болып отыр», - деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, коалиция жетекшісі діттеген жоспарларды тиімді жүзеге асыру үшін барлық жағдай қалыптасқанын, Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұған дейін де ауқымды әкімшілік реформалар жүзеге асқанын алға тартты. Мәселен, бұған дейінгі реформа аясында саяси қызметшілердің саны 8 есеге қысқарған, «А» корпусын қалыптастыру арқылы меритократия қағидаты бойынша кәсіби мемлекеттік қызметке ауысу қамтылды. Ал экономиканың тиімді дамуы нәтижесінде өңірлердің мүмкіндіктері де айтарлықтай артты: соңғы он жылда жергілікті бюджет 5 есеге өсіп отыр.