16:18, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Елбасы Ресейдің «Внешэкономбанкінің» төрағасын қабылдады
АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей «Внешэкономбанкінің» төрағасы Владимир Дмитриевті қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Владимир Дмитриев Мемлекет басшысын Ресей «Внешэкономбанкінің» Қазақстанның даму институттарымен ынтымақтастығы туралы хабардар етті. Президент, сондай-ақ «Внешэкономбанк» басшылығының Сауда үйін құру туралы идеясын мақұлдады, онда мұнай-газ өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы үшін ресейлік жабдықтар жеткізілетін болады және ол Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынастарында есеп айырысуды оңтайландыруды қамтамасыз етеді. - Қазақстан Президенті біздің Шанхай ынтымақтастығы ұйымы ауқымындағы ықпалдастық байланыстарды нығайту жөніндегі күш-жігерімізге оң баға берді. «Внешэкономбанк» биыл ШЫҰ-ның банкаралық бірлестігіне төрағалық етеді. Біз бұл мәселеге екіжақты ынтымақтастықтан көпжақты жобаларды жүзеге асыруға көшу қажеттігі тұрғысынан келіп отырмыз», - деді Владимир Дмитриев журналистерге арналған брифингіде.