Елбасы сәуірдің 15-19-ы күндері ҚХР-ға мемлекеттік сапар жасайды
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Алдағы сәрсенбіде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына (ҚХР) мемлекеттік сапары басталады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаоның шақыртуы бойынша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 15-19-ы күндері Қытайға мемлекеттік сапар жасайды, сондай-ақ Боао Азиялық форумының жыл сайынғы конференциясының жұмысына қатысады», - деді бүгін Астанадағы брифингте ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров.Оның айтуынша, алдағы сапарының барысында Н. Назарбаев ҚХР басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізеді. Олардың қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың әртүрлі салаларын қамтитын екіжақты құжаттар топтамасына қол қойылады деп күтілуде. «Екі елдің экономикасына бірқатар салмақты қиындықтар туғызған әлемдік қаржылық-экономикалық қиыншылықтар жағдайында, Елбасының ҚХР-ға алдағы мемлекеттік сапары қазақ-қытай стратегиялық серіктестігін нығайту мен алға жылжытуда кезекті маңызды оқиға болады, екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі әртүрлі көкейкесті мәселелерді жоғары деңгейде қарастыруға мүмкіндік береді», - деді І. Омаров.