Елбасы тапсырмасымен «Өзен-Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы» теміржолының құрылысы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына аяқталуы тиіс - К.Мәсімов

ҚТАУ. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Маңғыстау облысына жұмыс сапары ауқымында «Өзен-Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы» теміржол желісі құрылысының барысымен танысты.

Елбасы тапсырмасымен «Өзен-Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы» теміржолының құрылысы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына аяқталуы тиіс - К.Мәсімов

«Мемлекет басшысы бұл мәселені ұдайы бақылауында ұстап отыр. Бұл Президенттің тікелей тапсырмасы: жоба белгіленген мерзімде - Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына аяқталуы тиіс», - деді К.Мәсімов Бастау разъезінде болған кезінде.

Сонымен қатар, К.Мәсімов инфрақұрылымды, қызмет көрсету саласын дамыту және теміржол бойында өндірістер құру мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Өз кезегінде ҚТЖ басқарушы директоры Әділше Ермұқанов Иранмен және Түрікменстанмен темір жол учаскелерінің құрылысын 2011 жылғы желтоқсанда бір мезгілде аяқтау жөнінде уағдаластық бар екенін хабарлады.

Оның айтуынша, жобаның жалпы құны 65 млрд. теңге, оның 7,6 млрд. теңгесі қазірдің өзінде игерілді. Жобаны пайдалануға беру 812 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Бұл теміржол тармағы халықаралық «Өзен -Қызылқия- Берекет-Этрек -Горган» халықаралық жобасының бөлігі болып табылады. Оны Қазақстан, Иран және Түрікменстан бірлесе жүзеге асыруда. Жалпы ұзындығы - 686 шщақырым, оның 146 шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.