ЕЛБАСЫ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАУ ЖОЛЫНДА: Бас прокуратура азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғай беретін болады әрі бизнесті қорғауда да барлық мүмкіншілігін пайдаланады - Жақып Асанов
АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - Таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басты қадағалаушы органына қатысты бірқатар сын айтқан болатын. Осы ретте ҚазАқпарат тілшісі ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асановтан Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалу барысы турасында, кәсіпкерлерді заңсыз тексеру шырғалаңдарынан қорғау бағытында бірқатар сауал қойып, тұщымды жауап алған еді.
- Жақып Қажманұлы, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тарабынан кәсіпкерлерді заңсыз тексеру көп екендігі, бірақ сол үшін жауапқа тартылып жатқан кінәлі лауазымды тұлғалардың тым аздығы турасында әділ сын айтылған еді. Осыған қатысты не айтар едіңіз?
- Расында да, Бас прокуратурамен анықталған 2 мың кәсіпкерді заңсыз жоспарлы тексеру фактісі бойынша тек 204 лауазымды тұлға ғана жазаға тартылды. Әрине, бұл 10 есе кем, біз мұны мойындаймыз. Дегенмен, бұл ретте Конституция мен заңнама прокуратураға кінәлілері жазалауға құқық бермейтіндігін қаперге алған жөн. Прокуратура органдары сәйкесінше өкілетті органдардың және лауазымды тұлғалардың алдына тек қана мәселе қою мүмкіншілігіне ие. Қазіргі уақытта, Мемлекет басшысының сын ескертпелерінен кейін, Бас прокурор жергілікті жерлердегі барлық өңірлік қадағалаушы органдарға жауапкершіліктен бұра тарту фактісі бойынша мән-жайды шешуге нақты тапсырма берді әрі біз неліктен нақты 2 мың факті бойынша бар-жоғы 204 лауазымды тұлғаның ғана жазалғандығы туралы ақпарат алатын боламыз.
- Бизнесті қорғау бағытында сіздердің ведомстволарыңыз қандай шаралар атқаруда?
- Ағымдағы жылы кәсіпкерлік туралы заңнаманың 10 мыңның үстінде бұзылғандығы анықталып, оларды жою үшін 1233 қадағалау актісі шығарылды. Оларды қарау нәтижесінде 11 мыңнан астам бизнес субъектісінің құқығы қорғалды, прокурорлардың наразылығымен кәсіпкерлердің құқықтарын қозғайтын 993 заңсыз акті жойылып, өзгертілді.
2011 жылдың сәуірінен бастап кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін ҚР Бас прокуратурасы «Бизнес тірегі» жобасын іске қосты. Ол бойынша кез-келген кәсіпкер «115» нөміріне телефон шалып, тағайындалған тексеру туралы ақпарат ала алады. Мұндай ақпаратты онлайн режимде де, интернет немесе ұялы байланыс арқылы да алуға болады. Жүйе келіп түскен ақпараттарды автоматты түрде өңдеп, шара қабылдау үшін сәйкесінше өңірдің прокуратурасына кәсіпкердің құқығы бұзылғандығы туралы ақпарат жөнелтеді. Жоба іске қосылған мезеттен бастап оның қызметін 19 мыңнан астам кәсіпкер пайдаланды әрі оның жұмысының қорытындысы бойынша 690-нан астам заңсыз тексеру анықталды. Мәселен, ағымдағы жылы бұған дейігі тексеріспен арадағы уақыт жиілігінің бұзылуына байланысты негізсіз жоспарланған бақылау іс-шараларының 2 мыңнан астам фактісі анықталды.
Жыл соңына дейін «Тексерулерді электронды жоспарлау» және «Тексерулерді электронды тіркеу» жобаларын іске қосу жоспарлануда.
Бұл, біріншіден, адами факторды алып тастауға мүмкіндік береді - электронды жүйе өздігінен тексерістік ұйғарымды дүркінділігі, кәсіпкердің мәртебесі, бұған дейінгі тексерістердің нәтижелері, субъектілердің бұзушылықтарға бой алдыруы сынды заң талаптарын сақтай отырып, тексеруді жоспарлайтын болады. Екіншіден, «Онлайн» режімінде мемлекеттік органдар жіберетін тексерістің тағайындалғандығы туралы барлық мәліметтер Республикалық мәліметтер банкіне түсетін болады және электронды журнал түрінде мүдделі органдарға автоматты түрде ұсынылады. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде ақпаратты интернет арқылы «Бизнес тірегі» жобасының көмегімен алады.
- Сіздерге кәсіпкерлер тарабынан арыз көп түсе ме?
- Белсенді ақпараттық жұмыстардың нәтижесінде прокуратураның ұтқыр топтарына бизнесмендердің құқықтары бұзылғандығы туралы ақпараттардың саны артып келеді. Ағымдағы жылдың өткен кезеңі ішінде оларға кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылғандығы туралы 758 дабыл келіп түсті. Тексеру барысында олардың жартысына жуығында тексерістің заңсыз екендігі анықталды.
Анықталған бұзушылықтар бойынша 2 жүзден астам қадағалау актісі енгізілді. 4 қылмыстық және 32 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 140 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды.
- Қазіргі таңда қанша мемлекеттік органның тексеру құқығы бар?
- Заңмен мемлекеттік бақылау әрі қадағалау жүзеге асырылатын жеке кәсіпкерліктің 100-ден астам қызмет саласы анықталған. Қазіргі таңда 40-тан астам мемлекеттік органның сол салаларда тексеру жүргізуге құқығы бар.
- «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қандай бұзушылықтар анықталды?
- 2010-2012 жылдары ішінде бағдарлама бойынша мәлімделген мақсаттарда 3429 жоба бойынша 53,4 млрд. теңге игерілді. Дегенмен, Есеп комитетінің қорытындыларына сәйкес, жергілікті жерлерден іріктеліп алынған 53 жоба қаржыландыру көзделген экономиканың басымдықты секторына қатысты емес. Бірқатар жайттарда өңірлік үйлестіру кеңестерімен мүлдем жоқ нысандарды қаржыландыру бойынша шешім қабылданған.
Мәселен, Қызылорда облысында 2010 жылы «Сыр цементі» ЖШС цемент зауыты үшін 1,1 млрд. теңгеге сыртқы инженерлік желі құрылысы мақұлданған. Ал, бірақ сол кезде ол зауыттың құрылысы тіпті басталмаған да. Аталған факті бойынша прокуратура органдарымен қылмыстық іс қозғалды.
Дәл осындай бұзушылықтар Жамбыл және Қарағанды облыстарында да анықталды. Тексеру бағдарлама жүзеге асырылған 3 жылдың ішінде 380 млн. теңгеден астам қаржы әлі күнге дейін іске қосылмаған әрі пайдалануға берілмеген нысандар үшін инфрақұрылым жасауға бөлінгенін көрсетті.
Барлық шағын және орта бизнес субъектілерінің 34 пайызы шоғырланған Оңтүстік Қазақстан облысында, Астана мен Алматы қалаларында кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсету үшін бөлінген 60 млн. теңгеден астам қаржыны консалтингтік компаниялардың жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жаңа жұмыс орындарын құру мәселесінде де асыра сілтеу деректері орын алып жатады. Мұндай тәжірибе Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында да анықталды.
Тексеріс қорытындысы бойынша 4 қылмыстық іс қозғалып, 16 материал процессуалды шешім қабылдану үшін қаржы полициясы органдарына жіберілді. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға да аталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс берілді. Сөз соңында айтарым, Бас прокуратура азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғай беретін болады әрі бизнесті қорғауда да барлық мүмкіншілігін пайдаланады.