Елбасы Ташкентке сапары барысында Абай ескерткішін ашады

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Елбасы Ташкентке сапары барысында Абай ескерткішін ашады. Бұл туралы бүгін елордада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

Елбасы Ташкентке сапары барысында Абай ескерткішін ашады

Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ресми өкілдің айтуынша, 13-14 маусымда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Өзбекстанға ресми сапармен барады. Сапар аясында экономикалық, мәдени, гуманитарлық қарым-қатынастардың бүгіні мен ертеңі кеңінен талқыланады. Сонымен қатар аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін де талқылау көзделген. Ташкенттегі келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бірқатар үкіметаралық екіжақты келісімдерге қол қою қарастырылған.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ташкентте Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшілігінің жаңа ғимаратын, сонымен қатар Абай ескерткішін салтанатты ашу рәсімі көзделген», - деді ол.

А.Әбибуллаевтың атап өтуінше, жалпы Қазақстан мен Өзбекстан арасында өте нық қарым-қатынас орнатылған.

2012 жылдың қыркүйек айында ҚР Президентінің шақыруымен елімізге ресми сапармен Ислам Каримов келген болатын. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бірқатар маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді»,- деді ресми өкіл.