Елбасы ҰҚШҰ ҰҚК-нің мерейтойлық сессиясы мен ТМД мемлекет басшылары кеңесінің бейресми отырысына қатысады

Бұл шаралар Мәскеудегі Үлкен Кремль сарайында өтеді.
Кремль баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҰҚШҰ ҰҚК-нің мерейтойлық сессиясында заманауи халықаралық жағдайдың көкейкесті проблемалары мен жаһандық және өңірлік қыр көрсетулер мен Ұйымға мүше мемлекеттерге төнген қатерлерге қарсы тұру бойынша одан арғы бірлескен қадамдар қарастырылады.
Іс-шара нәтижесі бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Декларациясын қабылдау көзделіп отыр. Онда халықаралық жағдайды дамытудың негізгі беталыстарына, ҰҚШҰ қызметіне ұжымдық баға беріледі.
Мемлекет басшылары ҰҚШҰ-ның Құрмет белгісін бекіту туралы шешім қабылдайды деп шамалануда. Ол ұжымдық қауіпсіздікті нығайтуға, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосқан мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлерді марапаттау ретінде беріледі.
Сессияға сондай-ақ Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері қатысады деп күтілуде.
РФ Президенті Владимир Путиннің шақыруымен бүгін Мәскеуде ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы аяқталған соң ТМД мемлекеттерінің басшылары Достастық мемлекеттер басшылары Кеңесінің бейресми отырысына қатысады.
Белгіленген күн тәртібін қарастырмайтын алдағы кездесудің бейресми сипатын есепке алғанда мемлекет басшылары Достастық қызметінің өзекті бағыттары мен дамуы, ТМД аясындағы көп жоспарлы ынтымақтастықты алдағы кеңейту болашағы жайлы пікір алмасады деп күтілуде.
Достастық кеңістігіндегі экономикалық интеграция процестерін тереңдетуге елеулі назар аудару жоспарлануда. Басқа мәселелер қатарында ТМД аясындағы ашық сауда аймағы туралы Келісім-шартты бекіту рәсімдерін орындау барысы қарастырылады.