17:43, 14 Қаңтар 2009 | GMT +5
Елбасы Үндістанға сапары барысында осы елдің Республика күніне арналған салтанатты шараларға басты құрметті қонақ ретінде қатысады
АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Үндістанға жоспарланған ресми сапары барысында осы елдің Республика күніне арналған салтанатты шараларына басты құрметті қонақ ретінде қатысады.
Бұл туралы бүгін өткен брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаңтардың 23-26-сы аралығында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Үндістан Республикасына ресми сапары жоспарланып отыр. Бұл сапар барысында Мемлекет басшысы Үндістанның Республика күніне арналған салтанатты шараларына басты құрметті қонақ ретінде қатысады. Мемлекеттік сапар барысында Елбасы Үнді басшылығымен кездесулер өткізіп, онда екіжақты қатынастар мәселелерін, нақтырақ айтқанда, энергетика саласындағы ынтымақтастық, ғарышты бейбіт жолмен игеру, мәдени-гуманитарлық қатынастар, ақпараттық-технологиялар, білім, ғылым және басқа да мәселелер жөнінде пікір алмасулар өтеді», деді Е. Ашықбаев. Оның айтуынша, осы сапар барысында екі мемлекеттің ынтымақтастығын одан әрі дамыта түсетін бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.