Елбасы Жолдауы - елдіктің арқауы - М.Омаров
ҚЫЗЫЛОРДА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Елбасы Жолдауы - елдіктің арқауы. Қызылорда облысы Сырдария аудандық "Нұр Отан" ХДП филиалы төрағасының орынбасары Марат Омаров ҚазАқпарат тілшісімен тілдескенінде осындай пікір айтты.
«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауында елдiң бүгiнгi жетiстiгi сараланып, келер күннiң негiзгi мiндеттер жүгi айқындалған, - деді ол осы орайда. - Тәуелсiздiк шежiресiн парақтасақ, күйреген Кеңестер империясының орнына жаңа мемлекет құру бiзге оңайға түскен жоқ. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтiру, оны жаңаша даму жолына түсiру - тақыр жерден тау тұрғызғанмен бiрдей. Бiз осылайша сындарлы жылдар мен күрделi кезеңдерде лайықты тәжiрибе жинақтап, ысылып, шыңдала түстiк. Дағдарыстар өтедi, кетедi. Ал мемлекет тәуелсiздiгi, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгi қалады. Биыл Қазақстан тәуелсiздiгiнiң жиырма жылдығы. Былай қарағанда жиырма жыл көп емес те шығар. Бiрақ бұл бiз үшiн үлкен кезең, тұтас бiр дәуiрмен барабар. Олай болатыны, тәуелсiздiк ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетiн арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты. Сол үшiн тәуелсiздiктiң әр жылының маңызы айрықша. Айта кетерлiгi алдағы бес жылдықта ауылшаруашылығы еңбек өнiмдiлiгi екi есеге өсетiн болды. Биылғы Жолдауда айтылған жақсы жаңалықтың бiрi осы. Бұл бiрiншi кезекте Қазақстанның азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн жасалып жатқан шара».
«Мемлекет басшысы тәуелсiздiк жылдарында бостандық, бiрлiк, тұрақтылық пен өрлеу сияқты қазақстандық жолдың базалық құндылықтары қалыптасатындығын атап көрсеттi. Елбасының "Бейбiтшiлiк пен жасампаздыққа 20 жыл" ұранымен халыққа арнаған Жолдауы - ел дамуының басты құжаты екенi айқын», - деді ол сөзінің түйінінде.