Елбасы Жолдауын жүзеге асыру басты міндет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауы аса күрделі, қиын кезеңге аяқ басу кезінде қабылданғаны айқын.

Елбасы Жолдауын жүзеге асыру басты міндет

Елбасыныың Жолдауы уақыт талабына бейімделе алатын жоспар болып табылады. Қазақстан көптеген сынақтарға төтеп беріп, дағдарыстар толқынын  бастан өткізіп, шынығып және нығайды, табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткізді. 

Ал қазір жаппай қамту сипатына ие жаңа жаһандық дағдарыс алаңында тұрға­нымызды Елбасы атап көрсетті. Олар: әлемдік нарықтың тұрақсыздығы, әлемнің барлық экономикаларында да экономикалық өсімнің баяулауының байқалуы, мұнайдан түсетін супертабыстардың болмауы, жаһандық экономиканың саяси факторлардың қысымын сезініп, әлемнің тұрақсыз бола түсуі. Бұл жағдай Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктерін жасақтауға әкелу қажеттігін алға тартып отыр. Осы кезге дейін Қазақстан өз дамуын жоспарлағаны бәрімізге мәлім. Ол «Қазақстан - 2030» Стра­тегиясынан бастау алады және «Нұрлы Жол» Мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы мен «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарынан одан әрі жалғасын ­табады. Парламент Ұлт Жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету үшін 80-нен астам заң қабылдады. Олар 2016 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастады және өз жемісін береді деп сенеміз. Себебі Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі Қазақстан үшін 2016 жылға жоғары экономикалық өсу қарқынын болжап отыр. Сондай-ақ «Қазақстан - 2050» Стратегиясын жүзеге асыруда, тіпті, жаһандық дағдарыстың теріс ықпалына қарамастан, орасан зор нәтижелерге қол жеткіздік. Біріншіден, Давос экономикалық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 42-ші орынға ие болды. Екіншіден, бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайтын елдердің әлемдік рейтингінде Қазақстан 41-ші позицияны иеленді. Үшіншіден, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының заңды түрдегі толыққанды мүшесі болды. Қазақстанның ДСҰ-ға өтуі біздің экспорттаушыларымыз үшін де, экономикамыздың шешуші секторларына келетін шетелдік инвесторлар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашатынын Елбасы ерекше атап көрсетті.

Біздің дағдарысқа қарсы басты стратегиямыз үш қарапайым, бірақ маңызды - өсім, реформалар, даму ұғымдарымен үндес. Біріншісі - өсім, ең алдымен, экономикалық өсім. Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған отыздығына енуін қамтамасыз ететін экономикалық өсімге қарқын беретін жеке бастамаларды дамыта отырып, өсімнің жаңа ішкі көздерін ашу міндетін қойды. Екінші - экономиканың, қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін реформалар. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыра отырып, мемлекеттік және корпоративтік менеджментті, қаржы және фискалдық секторларды неғұрлым тереңірек реформалау қажеттігі көрсетілді. Үшінші - даму. Бұл жердегі басты фактор - ХХІ ғасырда қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту. Мұндай ауқымды стратегиялық бағдарламалар көп жағдайда саяси-экономикалық дағдарыс жағдайында қоғамды бір идея төңірегінде топтастыру мақсатында қабылданып жатады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысын орташа алғанда - 29 пайызға дейін көтерілуі білім саласындағы қызметкерлер алдына үлкен міндеттер қойғаны анық. Елбасы 2016 жылдан Ұлт Жоспары шеңберінде қабылданған жаңа заңдар жұмыс істей бастайтынын атап көрсеткен болатын. Біздің міндет сол заңдарды, өзгерісті халыққа түсіндіру, рухани деңгейінің көтерілуіне жұмыстану, білім беру саласындағы жаңа инновацияларды жетілдіру.

Ел тарихына жаңа бетбұрыстар әкелетін бұл Жолдауда Елбасы: «Бүгінгі ахуал - біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз - бәріміз үшін, бәріміз - біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Біздің мақсатымыз - елі бақытты, жері гүлденген қасиетті отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету» деп, ел үшін аса жауапты сәтте бірліктің сақталуы маңызды екенін, сондай-ақ барша қоғам ел игілігі үшін аянбай тер төгу қажеттілігін атап өтті.

Мәңгілік ел құру - ядросыз әлем үшін, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте бірлікке шақыру. Елбасының осы мақсаттағы нақты жоспары «ХХІ ғасыр. Соғыссыз әлем» атты манифестінде жарияланған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев бұл манифесті Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жариялаған болатын. Әлем елдері алдында Қазақ елінің соғыссыз әлемді қалыптастырудағы тағы да бір қадамымен мойындатты. Елбасы манифестінің Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжаты мәртебесіне ие болуы да Мәңгілік Ел болуға талпынған Қазақ елін әлем мойындағанының көрінісі десек, артық айтқандық болмас.

Мәңгілік Ел идеясы - болашаққа бас­тар жол. Бағытын көрсету бөлек те, ал оны әрекетке айналдыру үшін күш керек. Ол күш - білімді ұрпақ құзырында. Елбасының, жалпы халықтың да үміт күтетіні - болашақ жалынды жастар. Абылай аңсаған, Кенесары көксеген, Махамбет мақсат тұтқан бейбіт өмір, ашық аспанға қол жеткізген тұста көк туымызды көкте желбірету - әр азаматтың перзенттік парызы. Осы орайда Елбасымыз: «Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда» деп жастарға сенім білдіріп, жаңа бастамаларға рух берді. Бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік, яғни Жолдаудың «Техникалық кадрларды даярлау жүйесін дамыту Қазақстан экономикасының инновациялық әлеуетін арттыру бойынша қадам» атты үшінші бөлімінде: техникалық кадрлар даярлау мәселелерін барынша дамыту, Германия, Канада, Австралия және Сингапурмен бірлесіп кадрлар даярлау бойын­ша орталықтар құру. Бұл орталықтар бүкіл ел үшін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің моделіне айналуы керек екенін және смарт-технологтар, жасанды интеллект, киберфизикалық жүйелер интеграциясы, болашақ энергиясы, жобалау және инжениринг саласында құзырлылықты дамыту деген тапсырмалар ұсынып, болашаққа бастар мәселелерді көтерді.
Қазақ халқында «үмітті ақтау» деген жақсы ұғым бар, ол қанға да сіңген қасиет. Барша қазақ халқы жастар деп үміт артып отырған шақта, әрбір азамат жұмыла еңбек етсе, ортақ мүддеге қол жеткізудің негізгі бағдары болары айқын.