Елбасының энергоэкологиялық бастамаларын әлемдік қауымдастық қолдауда

None
None
АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - 22 маусымда Рио де Жанейро қаласында (Бразилияда) БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі конференциясы аяқталды.

 Конференцияда «Біз қалайтын болашақ» қорытынды декларациясы қабылданды, деп хабарлады ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен.

Оған жаһандық дамудың жаңа парадигмасы ретінде «жасыл экономикаға» көшу жөнінде ұсынымдар енгізілді. Ірі халықаралық форумға қатысушылар «жасыл экономиканың» орнықты дамуды қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі болып табылатындығын мойындады, ол ғаламшардың экожүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етумен қатар, барлығы үшін әлеуметтік ықпалдастыққа,  адамның әл-ауқатын жақсартуға және жұмыспен қамту және лайықты жұмыс үшін мүмкіндіктер құруға ықпал ете отырып, кедейшілікті жоюға, сондай-ақ орнықты экономикалық дамуға жәрдемдесуге шақырды.

Әлемнің мемлекет және үкімет басшылары елдердің мүдделері мен ерекшеліктерін ескере отырып, «жасыл» экономиканы дамытудың ұлттық стратегиясын жүзеге асыру қажеттілігімен келісті.

Құжатта «жасыл экономика» дамыған және дамушы мемлекеттер арасында технологиялық айырмашылықты еңсеруге мүмкіндік береді және дамушы мемлекеттердің технологиялық тәуелділік деңгейін азайтады деп көрсетіледі.

Қазақстан делегациясының келіссөздерде белсенді қатысуы нәтижесінде «Біз қалайтын болашақ» қорытынды құжатының соңғы редакциясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл Көпір» серіктестік бағдарламасы мен жаһандық энергоэкологиялық стратегия бастамалары көрініс тапты.

Мысалы, декларациядағы «Энергетика» бөлімі жаһандық энергоэкологиялық стратегияның мақсаты мен міндетінің қысқаша баяндалуы болып табылады, оны осы Конференцияда біздің Мемлекет басшымыз талқылауды ұсынды.

Халықаралық саммитке қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Жасыл Көпір» серіктестік бағдарламасын қолдады. Қорытынды декларацияның «Орнықты дамудың институционалдық шеңберлері» бөлімінде «Біз, барлық серіктестіктің қатысуы үшін ерікті және ашық болып табылатын «Жасыл Көпір» серіктестік бағдарламасы сияқты орнықты даму саласындағы өңірлік және өңіраралық бастамаларды қолдаймыз» деп айтылады.

«Жасыл Көпір» бастамасы технологиялық прогресті көтермелеу, қоршаған ортаны басқару тәжірибесін арттыру және жасыл инвестициялар мен технологиялар үшін құқықтық, экономикалық және институционалдық шарттарды жақсарту арқылы «жасыл» экономикаға халықаралық көшудің практикалық тетігі болып табылады. Мұның барлығы жаңа, орнықты және сенімді экономиканың дамуына түрткі болады.

«Жасыл Көпір» серіктестік бағдарламасын іске асыру экологиялық тауарлардың, қызметтер мен жаңа технологиялардың үлкен жаңа нарығын құрады, жаһандық экономиканың «жасыл» бағытта дамуы үшін маңызды экономикалық дем береді.

«Жасыл Көпір» әлем бойынша әркелкі даму және экологиялық таза технологияларды бөлу проблемасын шешуге мүмкіндік береді. «Жасыл» экономикаға көшу дамушы нарықта өсуді сақтаудың жалғыз сенімді әдісі болып табылады, сондай-ақ дамыған мемлекеттер үшін экономикалық дағдарыстан шығуға мүмкіндік береді.

«Жасыл Көпір» серіктестік бағдарламасын ертеде Азия мен Тынық мұхит елдері, сондай-ақ ЭСКАТО, БҰҰ ЕЭК, ЕурЭҚ, ИСЕСКО министрлерінің өңірлік конференцияларында Еуропалық және басқа да елдер қолдаған болатын. Барлығы 120-дан астам мемлекетті және кедейшілікте өмір сүретін миллиардтаған адамдарды қоса алғанда, жер шары тұрғындарының төрттен үшін құрайды.

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров атап өткендей, жаһандық форумның қорытынды декларациясына қазақстандық бастаманың енгізілуі еліміздің теңдессіз жетістігі болып табылады. Ол, авторы біздің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік қауымдастықтың алдындағы жоғары беделін растады.

Соңғы жаңалықтар
telegram