Елбасының кітапханасы және Ф.Эберт атындағы қор ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы және Фридрих Эберт атындағы қор арасында ынтымақтастық келісімі жасалды, деп хабарлады кітапхана баспасөз қызметінен.

Елбасының кітапханасы және Ф.Эберт атындағы қор ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды (ФОТО)

Меморандумға сәйкес, Елбасының кітапханасы 650 000 кітап қоры бар Ф.Эберт қорының тәжірибесін өз жұмысына енгізеді.

«Еуропадағы ежелгі, қоры бай Германияның бірінші Президентінің атындағы қормен байланыс орнату үлкен жетістік» - деген Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директоры міндетін атқарушы Махмұд ҚАСЫМБЕКОВ кітапхана қазақстандықтарға қолжетімді болатындығына сенім білдірді.

«Біздің жаңа кітапханамыз үшін бұл бірінші халықаралық байланыс. Ф.Эберт атындағы қордың тәжірибесі үлкен, біз олардан үйренуіміз керек сол себепті меморандумға қол қойдық. Біріншіден, бізді кітапхана мәселесін қалай жетілдіру керектігі қызықтырады. Бұл қордың кітапханасы Еуропадағы ең үлкен кітапхана, электронды кітапханасының да қоры мол. Сол кітапханамен байланыс жасап, ондағы кітаптарды бізге де пайдалануға жағдай болады. Сондай-ақ, біріккен ғылыми- зерттеу, талдамалық жұмыстар жүргізіледі. Біз енді ғана алға қадам жасап жатырмыз сондықтан, біз олардың тәжірибесін қараймыз, зерттейміз», - деді ол. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасымен тығыз байланыс орнатып, біріккен шаралар өткізуге асық екенін білдірген Ф.Эберт атындағы қордың Орталық Азиядағы Өңірлік өкілдігінің директоры Пэр ТЕШЕНДОРФ неміс тіліне аударылған Қазақстан Республикасының Конституциясын сыйға тартты.

«Қазақстанда жұмыс істегенімізге 20 жыл. Көп жыл осында жұмыс істеп, Қазақстанның дамуына сәл де болса, өз үлесімізді қосатынымыз қуантады. Біздің ынтымақтастығымыздың арқасында көп іс тындырылады, жақсы нәтиже береді деп сенемін. Елбасы кітапханасы - елдің дамуына өз үлесін қосатын жаңа маңызды институт», - деді Пэр ТЕШЕНДОРФ. Мемлекет басшысының 2014 жылғы 13 наурыздағы Жарлығымен құрылған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы өзіне мұрағат, кітапхана, мұражай және талдау орталығының функцияларын біріктіреді. АҚШ, Франция, Түркия және басқа да президенттік кітапхана-музейлер осы бағытта жұмыс істейді. Ф.Эберт атындағы қор Германияның демократиялық жолмен сайланған алғашқы Рейхс-президенті Фридрих Эберттің (1871-1925 жж.) құрметіне 1925 жылы құрылған. Қордың Орталық Азиядағы Өңірлік өкілдігі 1990 жылдардың басында ашылды әрі осы мерзім ішінде Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми-зерттеу және гуманитарлық байланыстардың дамуына елеулі үлес қосты. Меморандум бірлескен конференциялар, дөңгелек үстелдер, білім беру семинарлар ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кітап шығару, әлеуметтік маңызды тақырыптар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарда бар. Беделі жоғары қос қоғамдық ұйымның өзара ықпалдастығы Қазақстан- Германия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі ұлғайтып, екі елдің сарапшылар қауымдастығының жұмысына оң ықпал етеді.