Елбасының Кореяға сапары кезінде Астана мен Сеул бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды
ірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында бүгін Сеулде Қазақстан Үкіметі мен Корея Республикасы Үкіметі арасында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі келіссөздер, қол қойылған құжаттар біздің қарым-қатынасымыздың бүкіл жылдар ішіндегі екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың нағыз серпіндісі болып табылады», деді құжаттарға қол қойылғаннан кейінгі баспасөз мәслихатында Елбасы Н. Назарбаев.
Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Ли Мен Бактың өткізген келіссөздерінен кейін ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Кореяның Сыртқы істер және сауда министрі Ю Мён Хван Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасы Үкіметі арасында Астана қаласында Кореяның дипломатиялық өкілдіктері ғимараттарының құрылысы үшін жер учаскелерін беру туралы келісімге қолдарын қойды. Ал, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен Кореяның экономикалық білім министрі Чой Киан Хва Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Кореяның экономикалық білім министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қолдарын қойды. Сондай-ақ келіссөздер аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен «Korea Resources Corporation» (KORES), «Korea Electrik Power Corporation» (KEPCO) арасында атом саласындағы ынтымақтастыққа қатысты өзара түсіністік туралы меморандум бекітілді. Бұған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ президенті Владимир Школьник пен KEPCO президенті Ким Сан Су қолдарын қойды.
Елбасы уран кенін өндіру жөнінде Қазақстан өткен жылы Австралияны басып озып, бірінші орынға шыққанын айта келе: «Бүгінде Корея Республикасының электр стансыларының сұранысының 26 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Менің ойымша, бүгінгі қол қойылған құжат бұл елдің электр стансыларының сұранысының 40 пайызын Қазақстанның қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді», деді.