Елбасының шақыруымен Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кирилл Қазақстанға келеді

АСТАНА. Қаңтардың 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қаңтардың 16-18-і күндері Елбасының шақыруымен Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кирилл Қазақстанға келеді.
None
None

Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен апталық брифинг барысында аталмыш ведомствоның ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ресми өкілдің айтуынша, Патриарх сапары барысында Қазақстан басшылығымен кездесуі жоспарланған. Бұндай жүздесу барысында бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтау ісіндегі мемлекет пен шіркеудің рөлі, Қазақстан және Ресей қоғамдарындағы дінаралық диалогтың келешегі жайында сөз болады деп күтілуде. Сонымен бірге, Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының Үшінші құрылтайының қорытындылары, 2012 жылға жоспарланған Төртінші құрылтайға дайындық барысы талқыланбақ. «Кездесу барысында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалық етуіне орай, нақтырақ айтқанда төрағалықтың негізгі басымдықтарының бірі - қазіргі әлемдегі толеранттық идеяларын насихаттау, мемлекеттер мен халықтар арасындағы қарым-қатынастарда өзара сенімді арттыру, көпэтникалық қоғамдарда рухани шыдамдылыққа тәрбиелеу тақырыптары қозғалатын болады», деді А. Әбдірахманов.

Сапар барысында Патриарх Кирилл Алматыдағы Вознесен кафедралды соборында болып, православ жұртшылығымен жүздеседі деп жоспарланған. Сондай-ақ ол Астанадағы Успен кафедралды соборында ғибадат ету рәсімін жасайды, қос қаланың шіркеулерінде дұға қылып, мінәжат етеді.

Соңғы жаңалықтар