14:50, 26 Қаңтар 2009 | GMT +5
Елбасының Үндістанға мемлекеттік сапары аяқталып келеді
АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістанға мемлекеттік сапары аяқталып келеді. Бүгін Елбасы қадірлі қонақ ретінде Үндістанның Республика күніне орай өткен салтанатты шеруге қатысты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Әскери салтанатты сап пен ойын-сауық шеруі басталардың алдында Үндістанның бірінші тұлғаларын қарсы алу рәсімі болып өтті. Жиналған қауымға Қазақстан Президентінің Үндістанға мемлекеттік сапармен келгені жария етілді. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ әртүрлі жағдайларда ерлік көрсеткен азаматтарды марапаттау рәсіміне де қатысты.Бүгінгі салтанатты шара кезінде, шеру өткен аумақтың қауіпсіздігін 5,5 мың әскериді қосқанда, 20 мыңнан астам полиция қызметкері қамтамасыз етті. Салтанатты шараны 100-ге жуық камера түсіріп тұрды: шеру тікелей эфирде көрсетілді. Радх Патх атындағы орталық даңғылмен Президенттік сарайдан Үндістан қақпасына дейінгі аралықта өткен әскери шеруде Үндістанның жауынгерлік әлеуеті паш етілді. Сондай-ақ алаңмен музыкалық сүйемелдеумен Үндістан штаттарының тұрмысы мен мәдениеттерін таныстырған «сән-салтанатты топтар» жүріп өтті. Шеру ұшқыштардың өнер көрсетулерімен және Үндістанның мемлекеттік жалауын көк аспанға көтерген түрлі-түсті шарлардың «отшашуымен» аяқталды. 2007 жылғы жағдай бойынша Үндістан халқының саны 1 миллиард 136 миллион адамды құрайды. Үндістанның Қазақстандағы Елшілігінің мәліметері бойынша, халықтың 73 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Үндістан халқы 16 тілде сөйлейді, оның ішінде хинди және ағылшын тілдері - ресми тілдер. Елдің жалпы ішкі өнімі 7 пайыздан астамды құрайды. Үндістан әлем елдеріне бағдарламалық қамтамасыз ету өнімдерін, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп шикізаттарын, тоқыма өнімдерін, асыл бұйымдарды, машиналар мен жабдықтарды, металл бұйымдарын, т.б. экспорттайды.