11:23, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
Елбасының Үндістанға сапары барысында осы елмен Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша екіжақты келіссөздерді аяқтау туралы хаттамаға қол қою жоспарлануда - В. Школьник
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ -Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапары аясында ертең Үндістан мен Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бойынша екіжақты келіссөздерді аяқтау туралы хаттамаға қол қою жоспарланып отыр.

Бұл туралы бүгін Индустрия және сауда министрлігінің 2008 жылдың қорытындысына арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Владимир Школьник мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша келіссөздер үдерісінде ілгерілеуге қол жеткізілді. 2008 жылы келіссөздер үдерісіндегі негізгі әріптестеріміздің бірі Канадамен және Австралиямен екіжақты келіссөздер аяқталды. Елбасының ресми сапары аясында ертең Үндістанмен екіжақты келіссөздердің аяқталуы туралы хаттамаға қол қою жоспарланып отыр», - деді алқада В. Школьник.Оның айтуынша, министрлік 2009 жылы Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы екіжақты және көпжақты келіссөздерді, Қазақстан заңнамаларын осы ұйымның негізгі келісімдерінің ережелерімен толық сәйкестендіру жөніндегі шараларды жалғастыратын болады.