Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Эльбрус тауында екі альпинист көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Эльбрус тауында екі альпинист көз жұмды. Құтқарушылар тағы 4 адамды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды ТАСС.

Эльбрус
Фото: Kazinform

Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Эльбрус тауының 5,1 мың метр биіктіктегі асуында 7 альпинист төменге қарай түсе алмай, көмек сұраған. Оқиға орнына Эльбрус биік таулы іздеу-құтқару жасағының қызметкерлері аттанды.

Кейін жедел қызмет өкілдері альпинистердің бірі таудан түсіп, болған жағдайды айтып бергенін хабарлады. Оның сөзінше, тау басында екі альпинистің жағдайы нашарлап, көз жұмған.

Кабардин-Балқарияның тергеу комитеті екі альпинистің қаза болғанын растады. Жедел қызметтердің мәліметінше, олар — шетел азаматтары.

Қазір құтқарушылар тағы 4 альпинисті іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі Кабардин-Балқарияның туристік бағыттарында жалпы саны 1077 адамнан тұратын 130 туристік топ тіркелгенін атап өтті.

Бұған дейін Эльбрусқа көтерілу кезінде 11 жастағы бала қаза тапты.

Былтыр Эльбруста аспалы жолдағы апат салдарынан екі адам мерт болып, 9-ы жарақат алды.