Елде 333 мыңнан астам адамның ресми жұмысы жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы II тоқсанда Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіш Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, бұл кезеңде елдегі жұмыс күшінің саны 9 844,5 мың адамға жетті. Оның ішінде 9 399,9 мың адам жұмыспен қамтылды.
Жұмыспен қамтылғандардың 7 253,2 мыңы немесе 77,2%-ы жалдамалы қызметкерлер болса, 2 146,7 мың адам немесе 22,8%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 99,5 мың адамға өскен. Бұл өсім негізінен жалдамалы қызметкерлер санының артуы есебінен болған.
— Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі сауда саласында — 16,8%, білім беруде — 13,3%, өнеркәсіпте — 12,4% және ауыл шаруашылығында — 10,5% шоғырланған, — делінген Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметте.
Сонымен қатар 15 және одан жоғары жастағы халыққа шаққандағы жұмыспен қамту деңгейі — 64,3%.
15-34 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9% болды. Ал жұмыс істемейтін, білім алумен немесе кәсіби даярлықпен айналыспайтын NEET жастарының үлесі 5,7% болды.
Маусым айының соңында Қазақстанның жұмыспен қамту органдарында 333,1 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі жұмыс күшінің 3,4%-ы болады.
Еске салайық, бұған дейін Үкіметте жұмыссыздар мен NEET жастарын жұмыспен қамту мәселесі қаралғанын жазғанбыз.