Елде 5-9 жас аралығындағы әр төртінші баланың артық салмағы бар — ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда құрамында қант, тұз бен май мөлшері жоғары өнімдерді балаларға жарнамалауды жүйелі түрде шектеу қажет. Бұл туралы Kazinform сауалына Денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы хабарлады. 

Елде 5 пен 9 жас аралығындағы әр төртінші баланың артық салмағы бар — ДСМ
Фото: Kazinform/ЖИ

— Балалардың фастфуд тұтынуы жүйелі мәселеге айналды. Сондықтан оны шешу үшін кешенді шаралар қажет, — деп атап өтті орталық мамандары.

Ұлттық статистика бюросы мен ЮНИСЕФ 2024 жылы бірлесіп жүргізген MICS мультииндикаторлық кластерлік зерттеуінің дерегінше, 5 пен 9 жас аралығындағы балалардың 23,2%-ында артық салмақ анықталған. Бастауыш мектеп жасындағы әр төртінші баланың артық салмағы бар.

Мамандарды жасөспірімдердің тамақтану әдеті де алаңдатып отыр.

Қазақстанда 2022 жылы 11, 13 және 15 жастағы жасөспірімдер арасында жүргізілген HBSC халықаралық зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 66,6%-ы қантты сусындарды аптасына кемінде бір рет ішкен. Оның ішінде 14,4%-ы мұндай сусындарды күн сайын тұтынған. Жасөспірімдердің 26,6%-ы күн сайын тәтті немесе шоколад жесе, 17,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын ішкен. Ал 3%-ы энергетикалық сусынды күн сайын тұтынған.

— Дұрыс тамақтанбау түрлі аурудың пайда болу қаупін арттырады, — деп атап өтті орталық мамандары.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2025 жылы 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында 2-типті қант диабетінің 1 104 жағдайы тіркелген. Оның 237-сі алғаш рет анықталған. Орталықтың жауабында 2-типті қант диабетінің артық салмақпен, теңгерімсіз тамақтанумен және дене белсенділігінің жеткіліксіздігімен байланысты екені айтылған.

Мамандар қантты көп тұтынудың тағы бір салдары ретінде тіс саулығының нашарлауын атап өтті.

2025 жылы балалар арасында 110 236 тіс жегісі тіркелген. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жүргізілген профилактикалық тексеру нәтижесінде 80 169 тіс жегісі анықталды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4%-ға көп.

Орталық мамандары бүгінде мұндай өнімдерді жарнамалау дәстүрлі фастфуд орындарымен ғана шектелмейтініне назар аударды.

— Бүгінде балалар мұндай өнімдердің жарнамасын сауда желілерінен, әлеуметтік желілерден, блогерлердің контентінен, бейнеойындардан, маркетплейстер мен жеткізу қосымшаларынан жиі көреді, — делінген Kazinform сауалына берілген жауапта.

Мамандардың айтуынша, жеңілдіктер, сыйлықтар мен ойыншықтар, танымал кейіпкерлер мен белгілі спортшыларды жарнамаға тарту балалардың мұндай өнімдерге қызығушылығын арттырады. Бұған түрлі комбо-жиынтықтар мен тегін жеткізу қызметі де ықпал етеді.

Цифрлық сауда ауқымы да кеңейіп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы Қазақстандағы электрондық бөлшек сауда көлемі 3,77 трлн теңгеге жеткен. «Азық-түлік» санатындағы тауарларды қашықтан сату көлемі шамамен 314 млрд теңге болды. Алайда бұл көрсеткіш мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарынан дайын тағамға берілген тапсырыстарды толық қамтымайды.

Мамандар мұндай өнімдердің жарнамасын реттеуде Ұлыбритания тәжірибесін мысалға келтіреді. 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап бұл елде денсаулыққа пайдасы аз азық-түлік өнімдерін теледидарда сағат 21:00–ге дейін жарнамалауға шектеу қойылды. Ал интернетте мұндай өнімдерді ақылы жарнамалауға тәулік бойы тыйым салынды.

Экономикалық шаралар да өндірушілерді өнім құрамын өзгертуге ынталандыруы мүмкін. Ұлыбританияда 2016 жылы қант қосылған сусындарға сараланған алым енгізілетіні жарияланғаннан кейін, 2015-2020 жылдары осы талапқа жататын өнімдердегі қанттың орташа мөлшері 46%-ға азайған.

Қазақстанда 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты қолданылады. Онда тағамдағы қант пен тұз мөлшерін азайту, жекелеген өнімдерді шектеу және теңгерімді мәзір қалыптастыру қарастырылған.

Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға шектеу қойылды. 2026 жылғы 20 қаңтардан бастап бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді.

Орталық мамандары ендігі кезекте мектептер мен сауда орындарын ғана емес, цифрлық кеңістікті де қамтитын бірыңғай реттеу жүйесін қалыптастыру қажет деп есептейді.

— Келесі кезеңде білім беру ұйымдары мен оларға іргелес аумақтарды, сауда орындарын, телевизиялық, сыртқы және цифрлық жарнаманы, әлеуметтік желілерді, блогерлерді, маркетплейстер мен жеткізу қосымшаларын қамтитын бірыңғай шаралар жүйесін қалыптастыру қажет, — делінген орталықтың жауабында.

Мамандардың пікірінше, балалардың бейнесі, танымал кейіпкерлер, белгілі спортшылар, ойыншықтар, сыйлықтар мен байқаулар қолданылатын жарнамаларға ерекше назар аудару қажет. Мұндай тәсілдер балалардың осы өнімдерге сұранысын арттырады.

— Бұл шараларды іс жүзінде қолдану үшін құрамында қант, тұз, қаныққан май мен трансмай мөлшері жоғары өнімдерді айқындайтын бірыңғай әрі нақты өлшемдер қажет. Олар өнімнің өндірушісіне, сатылатын жері мен жеткізу тәсіліне қарамастан бірдей қолданылуға тиіс, — деп атап өтті орталық мамандары.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке фастфудтың агрессивті жарнамасы мәселесін жан-жақты қарастыруды тапсырған еді.

— Тағы бір мәселе — қоғамдық кеңістікті жаулап алған фастфудтың агрессивті жарнамасы. Ол зиянды әдеттерді орнықтырып, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттырады, елдің еңбек әлеуетіне кері әсер етеді, — деді Мемлекет басшысы Астанада өткен педагогтердің Тамыз конференциясында.

Президент көптеген елде өскелең ұрпаққа бағытталған, құрамында май, қант пен тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салынғанын немесе шектеу қойылғанын атап өтті.

— Үкімет бұл мәселені, ең алдымен, балаларымыздың денсаулығын ескере отырып, жан-жақты зерделеуі керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі әрі дұрыс қолдануы үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырып, педагогтерді қағазбастылық пен артық тексерулерден арылтуды тапсырды.