Елде 5,6 мың шақырым электр желісі жөнделді
АСТАНА. KAZINFORM — 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.
Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде өңірлік электр желілік компанияларының басшыларымен жұмыс кеңесі өтті. Кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық, электр желілерінің сенімділігін арттыру және өңірлік электр желілік компаниялары қызметінің тиімділігін күшейту мәселелері қаралды.
Комитет төрағасы Ержан Ертаев электр желілерінің сенімді жұмысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және тұтынушыларды үздіксіз электр энергиясымен жабдықтаудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті. Жылыту маусымы қарсаңында жөндеу науқанын уақтылы әрі сапалы жүргізуге және энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда.
Кеңесте өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша 17 мың шақырымнан астам электр беру желісі, 420 қосалқы станция және 3 599 тарату және трансформаторлық қосалқы станция толық көлемде жөнделгені атап өтілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде технологиялық бұзушылықтар саны 5%-ға азайып, өңірлік электр желілік компаниялары желілері арқылы электр энергиясын беру көлемі 4%-ға артты.
2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Биыл 17 098 шақырым электр беру желісіне, 444 қосалқы станцияға және 3 408 тарату, трансформаторлық және кешенді трансформаторлық қосалқы станцияға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда 5 600 шақырымнан астам электр беру желісі, 121 қосалқы станция және 1 215 тарату, трансформаторлық және кешенді трансформаторлық қосалқы станция жөнделді.
Кеңес барысында электр энергетикасы саласындағы нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру мәселелері де қаралды. Электр энергиясын беру қызметін лицензиялау, электр желілік инфрақұрылымды жаңғырту тетіктерін дамыту, сондай-ақ электр желілерін пайдаланудың тиімділігін арттыру және саланың кадрлық әлеуетін нығайту жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Сонымен қатар өңірлік электр желілік компаниялардың қазіргі жағдайына талдау жасалды. Электр желілерінің техникалық жай-күйі, жөндеу және жаңғырту жұмыстарының көлемі, электрмен жабдықтаудың сенімділігі сияқты негізгі өндірістік көрсеткіштер қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша кәсіпорындар жұмысының тиімділігін одан әрі арттырудың басым бағыттары айқындалды.
Кеңесті қорытындылаған Ержан Ертаев жылыту маусымына дайындық тек қысқа мерзімді іс-шаралармен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті. Әрбір кәсіпорын электр желілік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғыртуға, жабдықтардың тозуын жүйелі түрде төмендетуге, жаңғырту көлемін ұлғайтуға және электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді даму стратегиясын қалыптастыруы қажет екенін айтты.
Айта кетелік энергетикалық инфрақұрылым объектілері күзет аймақтарының бірыңғай цифрлық тізілімі құрылады.