Энергетикалық инфрақұрылым объектілері күзет аймақтарының бірыңғай цифрлық тізілімі құрылады

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде энергетикалық инфрақұрылым объектілері күзет аймақтарының бірыңғай цифрлық тізілімі құрылады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған. 

Цифрлық даму
Фото: Kazinform

— Жоғары вольтты электр беру желілерінің күзет аймақтарын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты сауалды қарап, мынаны хабарлаймын. Бүгінгі таңда жер учаскелерін өзгелермен келіспей беру, жобалық құжаттаманы келісу және рұқсат беру құжаттарын ресімдеу кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жеткіліксіздігі, сондай-ақ күрделі құрылыс объектілерінің күзет аймақтарының шегінде орналастырылуы сияқты жағдайлар байқалады. Бұл электр желілерін қауіпсіз пайдалануға байланысты талаптардың бұзылу қаупін тудырып, халық үшін қауіп төндіреді, — деді Премьер-министр жауабында.

Оның атап өтуінше, аталған мәселелерді жүйелі түрде шешу ретінде энергетикалық инфрақұрылым объектілерінің күзет аймақтарының бірыңғай цифрлық тізілімін құру көзделіп отыр. Ол жер және қала құрылысы кадастрларының мемлекеттік ақпараттық жүйелеріне интеграцияланатын болады. Бұл жер учаскелерінің күзет аймақтарымен қиылысуын автоматтандырылған түрде тексеруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

— Сонымен қатар Үкіметтің заңнамалық бастамасы аясында жер учаскелерін беру және рұқсат беру құжаттарын ресімдеу кезінде ведомствоаралық келісу рәсімдерін күшейту, сондай-ақ тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу және күзет аймақтары талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Бұған әкімшілік ықпал ету шаралары мен заңсыз салынған объектілерді бұзу да кіреді, — деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің айтуынша, бұл шараларды іске асыру қолданыстағы проблемаларды жоюға, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және электр энергетикасы объектілерінің күзет аймақтарын пайдалану режимін бұзуды болдырмауға бағытталған.

Бұған дейін елімізде электр энергетикасы саласында 13 инвестициялық жоба мақұлданғанын жазған едік