Елде геологиялық барлауда Starlink қызметін қолдана бастады

АСТАНА. KAZINFORM — «Геологияны цифрландыру» жобасын жүзеге асыру аясында бұрғылау қондырғылары мен дала лагерлерінде Starlink терминалдары орнатылды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Елде геологиялық барлауда Starlink қызметін қолдана бастады
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Жоғары жылдамдықтағы байланыс арнасы геологиялық және геофизикалық үлкен деректерді нақты уақытта беру мүмкіндігін қамтамасыз етті. Сонымен қатар, ол бұрғылау параметрлері мен техниканың жай-күйін бақылауға арналған IoT-сенсорларды интеграциялауға, учаскеге шықпай-ақ персоналға қолдау көрсетуге, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін арттыруға тиімді жағдай жасамақ.

Қосымша алаңнан бейнеағын Жезқазған қаласындағы Геологиялық кластердің диспетчерлік орталығына жіберіліп отыр.

Kazakhmys Barlau бұрғылау қондырғыларының инфрақұрылымына спутниктік терминалдарды интеграциялау, геологиялық барлауды цифрландыру жолындағы стратегиялық қадам. Ол өз кезегінде ақпараттық ағындарды үздіксіз қамтамасыз етіп, басқару тиімділігін арттырады, сондай-ақ, жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдауды енгізуге платформа қалыптастырмақ.

Бүгінгі таңда Kazakhmys Barlau компаниясының барлық бұрғылау қондырғысы орналасқан жері мен жанармай деңгейін бақылау жүйелерімен жабдықталған. Бұл шешім шығындарды оңтайландыру арқылы өзінің экономикалық тиімділігін көрсетті.

Цифрлық даму, инновациалар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink келісімі аясында спутник интернеті елімізде 2025 жылғы 13 тамыздан бастап ресми түрде жұмыс істейді. 

Айта кетелік Starlink Қазақстанда ресми түрде іске қосылды