Кадр тапшы өңірлерге көшіп барғандарға баспана алуға 7 млн теңгеге дейін беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда кадр тапшылығы бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңартылып, оған қатысушыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау күшейтілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, енді экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге дейін (1 625 АЕК) ұлғайтылды. Бұл қаражатты жаңа өңірден тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады.
— Бағдарлама аясында қоныс аударушыларға көшу шығындарына субсидия беріледі, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызмет ақысы өтеледі. Сондай-ақ жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіліп, жаңа өңірге көшпей тұрып-ақ бос жұмыс орындарын таңдау мүмкіндігі қарастырылған, — делінген хабарламада.
Биылдан бастап бағдарламаға тек жұмыссыз азаматтар ғана емес, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар мен шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да қатыса алады.
Бағдарлама толық цифрлық форматқа көшірілді. Өтініш беру шарттарымен, сұранысқа ие мамандықтармен және бос жұмыс орындарымен migration.enbek.kz порталында танысуға болады.
Министрліктің дерегінше, 2017 жылдан бері бағдарламаға 73,9 мың адам қатысып, олардың 31 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылған.
Еске салайық, бұған дейін «7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында 2026 жылғы 25 маусымдағы жағдай бойынша 1,223 трлн теңгеге 85 577 қарыз берілгенін жазғанбыз.