Елде құрылыс компанияларының мүддесін қорғайтындар тым көп сияқты — Аймағамбетов

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Құрылыс кодексіндегі түйткілді нормалар қабылданбай жатқанын сынға алды. Бұл туралы ол Telegram-арнасында жазды.

Асхат Аймагамбетов
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Өкінішке қарай, Құрылыс кодексінің жобасына берген біздің маңызды түзетулеріміздің басым бөлігі қабылданған жоқ. Алда небәрі бірнеше жұмыс тобы ғана қалды — уақыт өте аз, — деп жазды депутат.

Аймағамбетов әр азамат үшін қажет мәселелерді қозғап отырғанын айтты: 

— мектептер мен балабақшалар тұрғын үйлерден кейін емес, бірге салынуы тиіс;

— геологиялық зерттеулер шынайы болуы керек, «сатып алынған» жалған қорытындылар емес;

— мектеп пен ауруханаға арналған жерді қорғау, олардың орнына түнгі клуб немесе дүкен салуға жол бермеу;

— құрылысшылардың нақты жауапкершілігі болуы тиіс, қағаз жүзіндегі жалған меморандумдар емес;

— әлеуметтік нысандарды қабылдау комиссияларына қоғам өкілдері қатысуы тиіс;

— сапасыз құрылыс үшін нақты және қатаң айыппұлдар мен жауапкершілік енгізілуі қажет.

— Әзірше осы күйінде, бұл нормаларсыз Кодексті қабылдауға болмайды. Заң адамдарды қорғауы керек, құрылыс компанияларын емес. Елде Құрылыс компанияларының мүддесін қорғайтындар тым көп сияқты, — деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Құрылыс кодексінің жобасынан мектеп пен балабақшаларға қатысты маңызды нормалар алынып қалғанын мәлім еткен еді.

Соңғы жаңалықтар