Аймағамбетов: Жаңа Құрылыс кодексінің жобасынан аса маңызды нормалар түсіп қалған
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Құрылыс кодексінің жобасынан мектеп пен балабақшаларға қатысты маңызды нормалар алынып қалғанын мәлім етті.
— Мектептер мен балабақшалар құрылыстан кейін емес, құрылыспен бірге пайда болу керек. Былтыр осы жерде бәріміз бірге көппәтерлі үйлерді мектеп пен балабақшасыз, емханасыз салуға тыйым салатын заң қабылдаған едік. Бұл норма енді жұмыс істей бастаған. Неге екені белгісіз, Құрылыс кодексінің жобасында ол норма жоқ болып шықты. Неліктен, бұл кімге тиімді? Он мыңдаған отбасы көшіп келіп жатыр, ал балаларын оқытатын мектеп жоқ. Біз шағын ауданда мектеп пен балабақша, емхана жоқ болса, көппәтерлі үй салуға жол жоқ екенін айқын бекітейік деп ұсындық, — деді ол.
Министрдің сөзінше, балалар қауіпсіздігіне арналған норма да жаңа кодекске енбей қалуы мүмкін.
— Бала қауіпсіздігі үнем көзі емес. Былтыр осы жерде бүкіл әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлердің терезелерінде қауіпсіздік құлпы болу керек деген норма қабылдадық. Өйткені жыл сайын жүздеген бала терезеден құлап өліп жатыр. Тағы да сол… Кодекс жобасын ашып қарасам, ол норма да түсіп қалған. Неге? Иә, бәлкім ол қымбат болатын шығар, құрылыс компаниясына тиімсіз шығар. Бірақ бала өмірінен қымбат дүние бар ма, айтыңызшы, — деді депутат.
Сондай-ақ, ол құрылыс жобалаған кезде геологиялық барлау жұмыстары бейберекет жүргізілетінін сынады.
— Геологиялық барлау саласында жабайы сауда қалыптасқанынан бастайын. Басқалай айту мүмкін емес. Мамандар геологиялық қорытындыны құрылыс орнына бармай-ақ сатып алуға болатынын айтады. Тіпті кейбіреулер маңайдағы 100 метр жердің ескі деректерін тауып, соны көшіріп құжатқа енгізе салады екен. Іс бітті. Қағазда бәрі әдемі, ал шын өмірде ғимарат шытынап, қирап жатады, — деді Мәжіліс өкілі.
Асхат Аймағамбетов мектеп пен балабақшаға деп бөлінген телімдерге уақыт оздырып барып түнгі клубтар салынып жатқанын айтады.
— Мектеп апатты деп танылса, орнына үй салып, жаңа мектепті шеткері ауданға ысыра салған жағдайлар да бар. Біз маңайында балама нысан болмаса, әлеуметтік нысан құрылысына бөлінген жердің пайдалану мақсатын өзгертуге тыйым салуды ұсынғанбыз, — деді ол.
Депутат әлеуметтік нысан салуға міндеттеме алатын меморандумдар іс жүзінде жемқорлықтың бір арнасына айналғанын мәлім етті.
— Заң шаршы метрлер мен құрылыс компанияларын, қалталыларды емес, қарапайым азаматтарды бірінші қорғау керек, — деді депутат.
Айта кетейік, дәл қазір Мәжіліс құрылыс қызметін қағазбастылықтан арылтатын құжатты қарап жатыр.