Елде отандық фармацевтикалық өнімдерге сұраныс артып келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда кейінгі үш жылда отандық фармацевтикалық өнімдерді сатып алу көлемі 38%-ға артты. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта 31 отандық өндірушімен 83 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалған.
– Соңғы үш жылда сатып алынатын отандық фармацевтикалық өнім көлемі 38,1%-ға өсіп, 2024 жылғы 703 түрлі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымнан 2026 жылы 971 түрге дейін жетті, - деді Тимур Мұратов.
Вице-министрдің мәліметінше, 2025 жылы Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынған отандық өнімнің ақшалай үлесі жалпы көлемнің 32%-ын құраған. Ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 34%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ қазақстандық фармацевтикалық өнім өндірісін дамыту мақсатында жалпы сомасы шамамен 360 млрд теңгеге 7 инвестициялық келісім жасалған. Оның аясында отандық компаниялардың өнім өндіру көлемін ұлғайту көзделіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда дәрі-дәрмекке қатысты шағымдар 18%-ға азайғаны хабарланған еді.