Елде шағын авиацияны дамыту қажет — Премьер-министр

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жүк тасымалдайтын отандық әуе компаниясының паркіне қатысты тапсырма берді. 

Елде шағын авиацияны дамыту қажет — Премьер-министр
Фото: Үкімет

— Біз Қазақстанға шетелдік әуе компанияларын әкелу, сондай-ақ транзиттік жүк рейстерінің санын арттыру мақсатында авиаотын бағасын барынша тиімді еттік. Мемлекет басшысы жүк тасымалдайтын отандық әуе компаниясын құруды тапсырды. Бұл жоба қазіргі таңда жүзеге асырылып жатыр. Биыл қазан айында алғашқы жүк борты Қазақстанға жеткізілуге тиіс. Көлік министрлігі осы мәселені ерекше бақылауда ұстасын, — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар ол авиация саласын табысты дамыту үшін білікті мамандар қатарын айтарлықтай ұлғайту қажет екенін айтты.

— Ғылым және жоғары білім министрлігі Көлік министрлігімен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін авиациялық оқу орталығын құру бойынша шаралар қабылдасын. Азаматтық авиация академиясы жаңа деңгейге көтеріліп, сертификатталған және әлем мойындайтын мамандарды дайындауы қажет. Шағын және өңірлік авиация үшін кадрларды даярлау кезінде авиация саласындағы қолданыстағы оқу орталықтарын пайдаланған жөн, — деді Үкімет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, ел ішіндегі коммерциялық тасымалдарға түсетін жүктемені азайтуға және азаматтардың қозғалысын ыңғайлы етуге мүмкіндік беретін шағын авиацияны дамытуымыз қажет.

— Сонымен қатар министрлік пен Қазаэронавигация қазірден бастап әуе көлігінің барлық түрін басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құруға кірісуі керек, — деді Премьер-министр.

Бұған дейін қазақстандық әуе компанияларына Таяу Шығыстағы жағдай қалай әсер етіп жатқанын жазған едік

2025 жылы қазақстандық әуе компаниялар 15 млн жолаушы тасымалдады. Биылғы алғашқы 4 айда жолаушылар саны 4 млн-нан асты.