Елде жиналған коммуналдық қалдықтар 4,1 млн тоннаға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы Қазақстанда жиналған коммуналдық қалдықтар көлемі 7,7% өсіп, 4,1 млн тонна болды, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.
Сұрыпталған қалдықтар көлемі 1,5 млн тоннаға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 16,3% артты.
Ал сұрыпталған қалдықтар құрылымында макулатура мен картонның үлесі 9,4%, пластиктің үлесі 9% болды.
— Өңірлер бөлінісінде сұрыпталған қалдықтар көлемі бойынша көшбасшылықты Алматы қаласы сақтап отыр — 409,3 мың тонна. Көшбасшылар қатарында Астана қаласы — 377 мың тонна және Қарағанды облысы — 243,9 мың тонна бар, — делінген хабарламада.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елде коммуналдық қалдықтарды жинау және тасымалдаумен айналысатын 846 кәсіпорын, сондай-ақ оларды сұрыптау, кәдеге жарату және көму жұмыстарын жүзеге асыратын 278 ұйым жұмыс істейді.
Осыған дейін Жетісу облысында жануар қалдықтары табылған қауіпті қоқыс полигоны анықталғанын жазған едік.