Елдегі ұлтаралық және этникааралық татуластық Қазақстанның «бренді» - Палестина Сыртқы істер министрінің орынбасары М.Шамия

  АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Еліміздің Тәуелсіздік күнін атап өту аясында 2012 ж. 6 желтоқсанда Палестина Ұлттық Әкімшілігінің орталығы Рамалла қаласындағы «Movenpick» қонақүйінде ресми қабылдау өткізді.      
None
None

Бұл іс-шара Қазақстан мен Палестина арасындағы қарым-қатынастарға жетекшілік ететін еліміздің Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшілігімен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Аммандағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметінен.

Аталған қабылдауға Палестина Президентінің Әкімшілігі, Ұлттық заң шығарушы кеңесі, сыртқы істер министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары, Рамаллада бекітілген дипломатиялық корпус басшылары және Палестинада тұрып жатқан азаматтарымыз қатысты.

Елші Болат Сәрсенбаев жиналғандарға Қазақстанның 21 жыл ішінде қол жеткізген елеулі жетістіктері туралы қысқаша баяндап, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың маңыздылығына тоқталды. Осы ретте, Палестинаның 2012 жылғы 29 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясында дауыс беру барысында «Ұйымға мүше емес бақылаушы мемлекет» мәртебесіне ие болғанын ерекше атап өтті. Осыған байланысты, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Палестина басшысына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

Қабылдаудың басты қонағы болған Палестина Сыртқы істер министрінің орынбасары М.Шамия өз кезегінде Палестинаның Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделігін танытты. Еліміздің тарихи тұрғыдан қарағанда қысқа мерзімдегі жетістіктеріне жоғары баға беріп, елдегі ұлтаралық және этникааралық татуластықты Қазақстанның «бренді» деп атады. Бұған қоса, ол Астана қаласының EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізу құқығын жеңіп алғанына байланысты құттықтады.

Іс-шара барысында Палестинаның көрнекті тұлғаларына, атап айтқанда Палестинаны азат ету ұйымы Атқару комитетінің мүшесі Тайсир Халедке, Палестина Заң шығарушы мекемесінің халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Доктор Абдалла Абдаллаға, сондай-ақ Сыртқы істер министрінің орынбасары, кезінде Қазақстандағы Елші болған Мұхаммед Таршаханиге «Азиядағы өзара іс-қимыл және өзара сенім шаралары кеңесін шақыру бастамасына 20 жыл» мерекелік медальдері тапсырылды.

Қабылдауға қатысқандардың көпшілігі еліміздің зор болашағы бар екенін атап өтіп, халықаралық сахнадағы беделінің арта беруіне тілектестіктерін білдірді.

Сонымен қатар, Елші палестиналық «WAFA» ақпарат агенттігіне және Палестина Ұлттық телеарнасына сұхбаттар берді.

Соңғы жаңалықтар