Елден кету ойыма кіріп-шыққан емес — Альберт Рау Қазақстанда қалу шешімі және жетістік жолы туралы

Никогда не подавал на выезд — Альберт Рау о карьере и решении остаться в Казахстане
Фото: Альберт Раудың жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM — 16-17 қыркүйек күндері Германия канцлері Олаф Шольцтің Қазақстанға ресми сапары өтіп жатыр. Осы орайда Kazinform тілшісі Қазақстан Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Альберт Раумен сұхбаттасты. Спикер қазақстан-герман қарым-қатынасы, екі ел байланысын нығайтудағы неміс қауымдастығының рөлі және мәдени байлық пен бірегейлікті қолдау үшін мәдени дәстүрлерді сақтаудың маңызы туралы ой бөлісті.

— Альберт Павлович, өмір жолыңызда көптеген маңызды лауазымдарды атқардыңыз. Бұл қызметтердегі қандай жетістіктерді өзіңіз үшін және ел үшін ең маңызды деп санар едіңіз?

— Менің маман ретінде қалыптасуым, кәсіби және мансаптық өсуім тәуелсіз Қазақстанда өтті. Облыс әкімінің орынбасары және әкімі болдым, ұлттық компания мен өнеркәсіп министрлігін басқардым, қазір Парламент Мәжілісінің депутаты және төрағасының орынбасарымын, экономика ғылымдарының докторымын. Бірақ барлық жетістіктерімнің ішіндегі ең бастысы — Қостанай облысындағы туған қалам Лисаковскіні 10 жыл басқарғаным деп санаймын. Менің командам 90-шы жылдардағы дағдарыс кезінде қаланы сақтап қана қоймай, оны дамыта алды деп ауыз толтырып айта аламын. Қазір де Лисаковск өз дамуын жалғастыруда. Мен қаланы басқарған кезде «Оны Германиядан да таза етейік», — деген едім. Бүгінде қала Германиядағы көптеген қалаларға қарағанда таза, мен оны ерекше мақтан тұтамын. Біз азаматтарға бала кезінен бойына сіңген тазалық мәдениетін қалыптастырдық, әрбір адам тазалық тек сыртқы келбет емес, мәдениет пен жауапкершіліктің бір бөлігі екенін түсінгенін қаладық.

Қала әкімі болып жұмыс істеген екінші жылымда Үкімет пен облыстан жоғары лауазымдар ұсынылды. Бірақ мен туған қалам, достарым және жақындарым үшін үлкен жауапкершілікті сезіндім. Сол жылдары көп адамдар: «Германияға қоныс аудармайсыз ба?» деп сұрайтын. Этникалық немістердің жаппай көшіп жатқан уақыты, тек менің қаламнан 6 мыңға жуық адам кетті. «Маған осындай жауапкершілік жүктелсе, қалай бәрін тастап кетемін?» деп жауап беретінмін. 

Неміс әріптестерім де неге Германияға кетіп қалмағанымды жиі сұрайды. Оған әрдайым былай жауап беремін: адам өміріндегі ең маңызды нәрсе — өз әлеуетін жүзеге асыру. Мен ешқашан елден кетуге өтініш берген емеспін. Өйткені кетсем, өз потенциалымды толық жүзеге асыра алмайтыныма сенімді едім. Өкінішке қарай, кеткендердің де көпшілігі түрлі қиындыққа тап болды. Мұнда олар кәсіпорын басшылары болса, онда қарапайым жұмыс орындарына орналасты. Шетелде табысқа жеткендер бірен-саран, әрине, дәрігерлер мен кәсіпкерлер арасында жарқын мысалдар бар, бірақ өте аз. Әсіресе, қажетті мамандардың кеткені, табылуы қиын хирургтардың кеткені өкінішті болды. 

Мыңдаған адамның өмірін сақтап қалған дәрігерлердің кейбірі жаңа жерде дипломдарын растай алмады және кәсібін ауыстыруға мәжбүр болды. Тіпті бұл туралы әзілім бар: менде Германияның ең жоғары наградасы — «Еңбегі үшін» үлкен федералды крест бар (Қазақстан-Германия қатынастарын дамытқаным үшін берілген). Германияға көшіп кетсем, осындай жоғары марапатты алар ма едім? Қазақстанның ғана емес, басқа елдердің де көптеген марапатын алдым. Үкіметте жұмыс істеп, Қазақстан мен Германия арасындағы қатынастарды жолға қоюмен белсенді айналыстым және бұл мен үшін үлкен маңызға ие.

— Бір кездері Қазақстан-Германия үкіметаралық комиссиясын басқардыңыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызы қандай?

— Қазақстан мен Германия көптеген салаларда бірін-бірі толықтырады және ынтымақтастық үшін әлеует өте жоғары. Экономика — басты негіз, бірақ біз денсаулық сақтау, мәдениет және білім беруде де ынтымақтасамыз. Мен бұл бағыттарды елдер мен кәсіпкерлер арасында байланыс орнатумен айналысқанда белсенді дамыттым. 

Қазақстан Германиядан стратегиялық әріптесті көреді және Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропаға президент ретіндегі алғашқы сапары дәл осы елде болды. Біз байланыстарымызды дамытуды жалғастырамыз және болашақта оларды тереңдетеміз деп үміттенеміз. Айта кету керек, германдық инвестициялардың 90%-ы машина жасау, химия, құрылыс материалдары секілді өңдеу өнеркәсібіне жұмсалады. Бұл салаларда Германия көшбасшы саналады және осы салалардағы ынтымақтастық біздің мүддемізге сәйкес келеді. Германияның жоғары басшыларының сапарлары, мысалы, канцлердің келуі әрқашан маңызды, өйткені олар біздің қарым-қатынасымыздың дамуына ықпал етеді.

— Қазақстан халқы Ассамблеясы бастапқыда Президент жанындағы консультативтік орган ретінде құрылды, алайда оның функциялары айтарлықтай кеңейді. Неміс қауымдастығының ассамблеяға қатысуын қалай бағалайсыз?

— Неміс қауымдастығы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғалы оның жұмысына белсенді қатысып келеді. Мен өзім мемлекеттік қызметке кеткенше Лисаковскідегі неміс қоғамын басқардым. Елде этномәдени бірлестіктер мен қоғамдар құрыла бастаған кезде менде осы салада айтарлықтай тәжірибе болды. 2017 жылы Парламентке келгенде маған «Возрождение» республикалық неміс қоғамын басқару ұсынылды. Бастапқыда төрт жылда бір мерзім жұмыс істеуді жоспарладым, өйткені маңызды реформалар қажет болды. 

Осы уақыт ішінде біз көп нәрсені жасай алдық. Маңызды қадамдардың бірі Астанада алғашқы Қазақстан-Неміс орталығын ашу болды. Бұл біздің қоғамдастықты нығайтып қана қоймай, елдеріміздің мәдениет, білім және басқа да салалардағы ынтымақтастығын тереңдетуге мүмкіндік берген маңызды оқиға болды. 

Осылайша, қазақстандық немістер қауымдастығы біздің елдеріміз арасындағы «көпір» рөлін атқарады. Қазір ұйым жетекшісі және Сенат депутаты Евгений Болгерт көшбасшылық эстафетасын қабылдады. Оның «Астанада неміс тілін тереңдетіп оқытатын мектеп салу» бастамасы іске асырыла бастағанына қуаныштымын. Германия канцлерінің сапары барысында тиісті құжатқа қол қойылады. 

Ассамблея құрылған сәттен бері неміс қоғамы әрқашан белсенді қатысушы болды. Сонымен қатар, біздің қоғам Қазақстанның барлық облыстарында ашылған. Республикалық және облыстық деңгейлерде біз ассамблея өміріне белсенді қатысамыз, оның идеялары мен қағидаттарын басынан бастап қолдаймыз. ҚХА идеясы неміс қауымдастығына жақын және түсінікті болды және біз оны әрқашан бөлістік.

— Қазақстандық неміс қауымдастығында қандай неміс дәстүрлері сақталған?

— Біздің этномәдени бірлестігімізде ұрпақтар арасындағы байланысты табысты түрде сақтап отырмыз. Біз ұрпаққа мәдениетті, соның ішінде дәстүрлі әндерді, билерді және үйлену тойларын өткізу сияқты әдет-ғұрыптарды жеткізіп отырмыз. Рождество және Пасханың да терең діни маңызы бар, олар әртүрлі мәдени іс-шаралармен, жәрмеңкелермен және мерекелермен бірге жүреді. 

Біз тарихпен, мәдени мұрамен байланыстыратын дәстүрлерді сақтауға және дамытуға тырысамыз. Бұл мерекелер діни аспектіден басқа, бүкіл қоғамдастық үшін маңызды оқиғаларға айналады, әлеуметтік байланыстар мен мәдени сәйкестікті нығайтуға ықпал етеді. Діни әдет-ғұрыптармен қатар дәстүрлерді сақтауға және оларды жаңа ұрпаққа беруге көмектесетін түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыратынымыз маңызды. 

— Германияға көші-қон Қазақстандағы неміс қауымдастығына қалай әсер етті және мәдениетте қандай өзгерістер болды? 

— Қазақстандық немістер германиялық немесе Ресейден барған немістерден ерекшеленеді. Бұл қазақ мәдениеті мен басқа халықтардың мәдениеттерінің симбиозының нәтижесі болған жеке топ. Біздің «Дойче Альгемайне Цайтунг» газеті қағаз және электронды түрде шығарылады, ол Германияда да белсенді оқылады. Біз өз алдымызға Қазақстанда жұмыс істейтін, спортшылар, мұғалімдер немесе кәсіпкерлер болсын, табысты немістерді көрсету міндетін қойып отырмыз. Біз өз саласында ең жақсы болуға ұмтылу арқылы табысқа жетуге және өз жетістіктерімен мақтануға болатынын көрсеткіміз келеді.

Шетелге бармай-ақ, Қазақстанда табысқа жету үшін сабақтастықты қамтамасыз етуге және жастарға белсенділіктің, қазақ және неміс тілдерін уақытылы оқытудың маңыздылығын жеткізуге тырысамыз. Соңғы уақытта оралу үрдісі байқалды, бірақ бұл жаппай емес, дегенмен біз оның әртүрлі себептерін көріп отырмыз. 

Қазақ мәдениеті өзінің қонақжайлығымен және ашықтығымен неміс қауымдастығына әсер етті. Біз дәстүрлер мен мәдени ерекшеліктердің үйлесімін сақтай отырып, осы бірегейлікті сақтауға және оны жоғалтпауға тырысамыз. Біз барлық қазақстандықтардың басты құндылығын — туған жеріміздегі бірлікке, өзара түсіністікке және бейбітшілікке ұмтылуын бөлісеміз және құрметтейміз.

Соңғы жаңалықтар
telegram