Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елді мекендерді су басу қаупі туындады - СҚО

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда қала маңындағы Заречный кентінде жол учаскелерінің бірін су басты. Атбасар мен Астанада еріген қар Есіл өзенін толтыруда.

Елді мекендерді су басу қаупі туындады - СҚО

Осыған байланысты СҚО-ның кейбір ауылдарын су басу қаупі туындады.

Синоптиктердің айтуынша, жауын-шашын тиісті нормадан екі есеге көп түскен, сондықтан тұрғын үйлерді су басуы ықтимал.

СҚО әкімі Самат Ескендіров және ТЖД авариялық-құтқару қызметтерінің басшылары Есіл өзенін ұшақпен бақылап, тексеріп шықты. Облыс аумағында өзеннің ұзындығы 600 шақырымға жуық. Ал Покровка мен Новоникольское ауылдарының тұсы ең қауіпті учаскелерге жатады.

"Есіл өзені бойындағы бірнеше ауылдарға тасқын су шығын әкелуі ықтимал, бүгін сол қауіпті учаскелерді қарап шығамыз", - деді ТЖ департаменті бөлімінің бастығы Асхат Бәкішев.

Сергеев су қоймасындағы гидроқұрылыста жағдай тұрақты. Тәулігіне бұл жерде 82 миллион текше метр су құйылады. Алайда қауіп су қоймасына судың мөлшерден тыс келуінен, яғни Астана мен Атбасар қалалары тарапынан келген ағын судан салдарынан туындап отыр.

"Колутон өзені Есіл өзеніне құйылуда. Бүгін Атбасардан келетін судың қаншалықты шығын әкелуі мүмкін екендігін қараймыз. Тұтастай, су тасқынына қарсы штаб жұмысты тиісті деңгейде жүргізіп жатыр. Биылғы жылы тұрғын үйлерді су басқан факті тіркелген жоқ", - деді СҚО әкімі С. Ескендіров.

Тұтастай облыста су тасқыны кезеңіндегі жағдай тұрақты, деп атап өтті құтқарушылар. - Алаңдауға еш себеп жоқ. Алайда су басу тәуекелі жоқ емес, жедел штаб бар мүмкіндікті пайдалана жұмыс істеуде.