Елдің кей өңірінде нөсер, енді бірінде +40°C аптап ыстық болады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазгидромет 4-6 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялады.
Алдағы күндері Қазақстан аумағында белсенді циклон мен атмосфералық фронттың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады.
Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бүкіл кезең бойы республиканың солтүстігінде, 4 шілдеде солтүстік-батыста, 4–5 шілдеде оңтүстік-шығыс пен орталықта, 5–6 шілдеде шығыста қатты жаңбыр жауады деп болжанады.
Республика бойынша жел күшейіп, бұршақ жауады. Қазақстанның оңтүстігінде шаңды дауыл болжанады, ал республиканың солтүстігінде түнгі және таңертеңгі уақытта тұман түседі.
Республиканың басым бөлігінде ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды. 5–6 шілдеде күндіз батыс пен орталық өңірлерде ауа температурасы +35…+39°C-қа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады, оңтүстік-батыста +40°C-қа дейін, ал солтүстік-батыста +35°C-қа дейін жетеді. Шығыс өңірлерде бүкіл кезең бойы +35…+37°C-қа дейінгі қатты ыстық сақталады.
Айта кетелік бүгін еліміздің басым бөлігінде жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі.