Электр энергиясын тұтынушыларды сүлікше сорған делдалдарға тосқауыл қойылады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Жылу энергетикасы туралы» заңды және оған ілеспе екі құжатты қабылдады.

Заң жобалары бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Еділ Жаңбыршинның айтуынша, осы күнге шейін жылуэнергетика өзінің салалық заңнамасының және оған жауапты бірыңғай уәкілетті органның болмауына байланысты жеке сала ретінде қаралмаған.
Осыған орай мынадай бірнеше жүйелі мәселе туындап отыр:
— энергетикада негізгі акцент электр энергиясына қойылды, яғни жылу-энергетика көлеңкеде қалып, өгей баланың күнін кешті.
— Тиісті деңгейде жүйелі мемлекеттік саясат пен бақылау функциялары жүзеге аспады.
— Қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптаспады.
— Жылумен жабдықтау субъектілері мен тұтынушылар арасындағы өзара қатынастар тиісті түрде реттелмеді.
— Саланың жай-күйін мониторингілеу және жоспарлау құралдары болмады.
— Жылумен жабдықтау нысандарының лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі нақты айқындалмады және басқалар.
«Жылуэнергетикадағы осындай мәселелер еліміздегі жылу желілерінің, жылу электр орталықтары мен аудандық қазандықтардың әбден тозуына әкелді. Мысалы еліміздің 13 мың шақырым жылу желілерінің тозуы 53 пайызды, жылу орталықтарының орташа тозуы 66 пайызды құрап отыр. Тіпті Арқалықтағы жылу орталығының тозуы 90 пайызға, Оралдағы „Жайықжылуэнергоның“ тозуы 87,5 пайызға, Балқаш жылу орталығы мен МАЭК-тің тозуы 80 пайызға жетіп отыр», — деді депутат.
Оның атап өтуінше, депутаттардың қарауына 2-оқылымда қарауға шығарылған заң жобалары жоғарыда аталған барлық жүйелік проблеманы жоюға бағытталған бірқатар мынадай кешенді шараны көздейді:
— Бірінші, жылуэнергетика бойынша жаңа терминдері мен анықтамалар қабылданды.
— Екінші, жаңа жылуэнергетика заңына сәйкес жылуды өндірудің және тасымалдаудың мемлекеттік саясаты Энергетика министрлігіне өтеді. Жылуды тұтыну саясаты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде, тариф саясаты Ұлттық экономика министрлігінде қалады. Ал жергілікті мемлекеттік органдар жергілікті жердегі жылумен жабдықтауды дайындау мен бақылауды іске асырады.
— Үшінші, заң жобасында жылуэнергетика саласын мемлекеттік бақылау нормасы бекітілді. Осы нормаға сәйкес мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы органдар бақылау субъектілерінің (объектілерінің) Қазақстан Республикасының жылу және энергетика саласындағы заңнамалар талаптарының орындалуын бақылау үшін осы заңға сәйкес қашықтықтан мониторинг және тексеру жүргізеді. Ал Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне және осы Заңға сәйкес тергеу-тексеруді жүзеге асырады.
— Төртінші, өңірлерде тұрғындарды жылумен жабдықтауды іске асыруды жүйелі түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін стратегиялық құжат болып жылумен жабдықтауды дамыту схемасы айқындалды және оны әзірлеу және бекіту механизмдері қарастырылды.
— Бесінші, жылуэнергетика объектілерінің басшыларының құқықтары мен міндеттері белгіленді.
— Алтыншы, жылумен жабдықтаудың технологиялық процесінде үзілістер болған жағдайда тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғылары мен жылу желілерінің жұмысында кемшіліктер орын алса, онда тұтынушылар шығындарды өтеуді талап ете алады.
— Жетінші, жылу және электр энергетикасының сұрақтарына қатысты ілеспе заң жобасында бірнеше жаңа концептуалды нормалар қабылданды.
— Сегізінші, жылуэнергиямен жабдықтау субъектілері басшылары мен лауазымды тұлғаларына отынның нормативтік қорын жасақтамаға жағдайда жауапкершілікқарастырылады.
«Ең маңыздысы ондаған жылдар бойы электр тогын тұтынушыларды сүлікше сорып, негізсіз байып келген делдалдарды, яғни электрмен жабдықтаушы ұйымдардың қызметін тоқтататын норма қабылданды. Бірнеше айға созылған депутаттар мен олигополияның арасындағы айқас, Мәжіліс депутаттарының пайдасына шешілді», — деді Еділ Жаңбыршин.
Мәжіліс депутаттары заң жобаларын қабылдап, Сенат қарауына жіберді.