Электрлі самокаттар көлік құралы ретінде реттелмек: 1 шілдеден бастап не өзгереді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда электрлі самокаттарды пайдалануға қатысты заңнамалық өзгерістер мен жаңа талаптар талқыланды.
Полиция, прокуратура, қала әкімдігі және кикшеринг компанияларының өкілдері қатысқан кеңес кезінде самокаттарды ресми түрде көлік құралы ретінде тануға бағытталған нормалар сөз болды. Жаңа талаптар 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Олар жалға берілетін электрлі самокаттарды пайдалану тәртібін біріздендіріп, міндетті ережелерді енгізуді көздейді. Бизнес субъектілері үшін өтпелі кезең қарастырылған.
Полицияның хабарлауынша, талқылау кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, пайдаланушылардың тәртібін бақылау, цифрлық қадағалау құралдарын енгізу және кикшеринг операторларының жауапкершілігін күшейту мәселелері негізгі назарда болды. Баламалы көліктің көбеюінен жол апаттары мен әкімшілік құқық бұзушылықтар да артқан.
2025 жылы Алматыда электрлі самокаттардың қатысуымен 386 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 400-ден астам адам түрлі жарақат алған.
Алматы полиция департаментінің дерегінше, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін самокат пайдаланушыларына қатысты 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылған. Бұған қоса, талаптарды бұзғаны үшін 10 мыңнан аса самокат арнайы тұрақтарға қойылған.
Алматы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдиновтің айтуына қарағанда, негізгі мақсат — қалалық мобильділікті шектеу емес, оны қауіпсіз басқару.
— Электрлі самокаттар бүгінде жол қозғалысының толыққанды қатысушысына айналды. Сондықтан оларға қойылатын талаптар да өзге көлік құралдарына қойылатын ережелер секілді нақты әрі міндетті болуы тиіс, — деді ол.
Кеңес аясында кикшеринг операторларына қойылатын жаңа талаптар да қаралды. Олардың қатарында міндетті сақтандыру енгізу, самокаттарды нөмірлік белгілермен жабдықтау, геозоналау жүйесін қолдану және ІІМ дерекқорларымен интеграция мәселелері бар.
— Мопедтерді реттеу тәжірибесі жүйелі әрі қатаң шаралардың тиімді екенін көрсетті. Мұндай тәсіл жол-көлік оқиғаларын азайтып, тәртіпті күшейтеді. Дәл осы әдіс электросамокаттарға да қолданылады, — деді Айдын Қабдұлдинов.
Тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыруға, профилактикалық жұмысты күшейтуге және жаңа талаптарға бизнес пен пайдаланушылардың кезең-кезеңімен бейімделуін қамтамасыз етуге уағдаласты.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда биыл самокат жүргізушілеріне қатысты жаңа талаптар күшіне енетінін жазған едік.