Электромобильдерге бөлінген квота таусылды — Қазақстан-Қытай шекарасынан фоторепортаж
АСТАНА. KAZINFORM — Бір ай бұрын Қазақстанда жеңілдікпен электрлі көліктерді әкелуге бөлінген квота таусылды. Kazinform агенттігінің тілшілері шекарадағы жағдайды бақылап, көліктердің Қытайдан қалай жеткізілетінін көріп қайтты.
Квота таусылды
Мемлекеттік кірістер комитеті қазан айының ортасында 15 мың электрлі көлікті салықсыз әкелуге бөлінген квота таусылғанын хабарлады. Енді электрлі көліктер қалыпты тәртіппен рәсімделіп, барлық салық пен төлем төленуі тиіс.
Сол кезде әлеуметтік желілерде Қытай шекарасында шамамен мыңға жуық электромобиль «тұрып қалғаны» туралы ақпарат тарады, олар көліктерді жеңілдікпен рәсімдеп үлгермеген.
Біз жағдайды бақылап көру үшін Қазақстанға әкелінетін көліктердің шамамен жартысы өтетін «Нұр Жолы» өткізу бекетіне аттандық.

Алматыдан өткізу пунктіне дейінгі жол ұзақ — 340 шақырымнан асады. Шекараға жақындаған сайын жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін байқауға болады.
Жүк көліктердің бірінің жүргізушісі Жаркенттен шыққанына шамамен 9 сағат өткенін, шекарадан түнге қарай өтуге үміті бар екенін айтты. Бұған дейін жүргізушілер бірнеше күн бойы кезек күтетініне шағымданатын.

Кезекке не себеп
Мемлекеттік кірістер комитеті бұған дейін екі жақтың өткізу мүмкіндігі бірдей болмағандықтан, жүк көліктері көптеп жиналатынын мәлімдеген еді.
Кеден бекетінің бастығы Мұрат Ерденбековтің айтуына қарағанда, Көлік министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитеті Қытай тарапының күн сайын қабылдайтын көліктер санын 800-ге дейін көбейтуге келісіп, жыл соңына дейін 1 000-ға жеткізу мүмкіндігін қарастырған.

— Біз шамамен 10-11 қарашада электронды кезекті 800-ден 1 000 көлікке дейін көбейттік. Алайда сол кезде Қытай тарапы күніне тек 650-750 көлік қабылдады. Осыдан кейін Қазақстан жағында кезек пайда болды. Қазір жағдай тұрақталып, Қытай тарапы көлік өткізу көлемін көбейтіп отыр, — деді ол.
Бұған қоса, «Қалжат — Дулаты» бекетінде бір апта бойы жүргізілген жөндеу жұмыстары қосымша жүктемеге себеп болды.

Осы уақыт ішінде кейбір көлікті «Нұр Жолы» шекара бекетіне жіберуге тура келді. Сол себепті бекетте көліктер көптеп жиналды. Сонымен қатар Қытайдағы инспекциялық-бақылау кешенінің жұмысы электр қуатының болмауына байланысты уақытша тоқтап қалды, бұл да көліктердің өтуін баяулатты.
Дегенмен келесі жылдың басына дейін шекарада жұмыс тұрақтанады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2023 жылдан бері электронды кезек жүйесі жұмыс істеп келеді. Жүргізушілер онлайн тіркеліп, әдетте бір күнде шекараны кесіп өтеді.

Жаңа айналма жол
Шекаралық бақылау пункті аумағында жаңа айналма жол салынып жатыр, бұл жолдағы көлік кептелісін азайтуы тиіс.
Жол негізінен жеңіл көліктер мен жел генераторларын тасымалдайтын жүк көліктеріне арналған. Мұрат Ерденбековтің айтуынша, мұндай ірі көліктерді тексеру ұзақ уақыт алатындықтан, олар басқаларының қозғалысына кедергі келтіреді.
Жаңа жол әлі пайдалануға берілмеген, оны желтоқсанның ортасына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта жарықтандыру мен қоршаулар орнатылады.

Жол көліктерді кеден бекетін айналдырып, негізгі магистральға шығарады, ал учаскеде шекара қызметі бақылауды жалғастырады.
Болашақта тиісті келісімдер жасалса, осы жол арқылы көліктерді «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына да жіберу мүмкіндігі қарастырылады.
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов бұған дейін бельгиялық Sarens компаниялар тобының төрағасы Людо Саренспен кездесіп, «Нұр Жолы» пунктінде айналма жол салу жобасын талқылаған еді.
Бұл бастама шекарадағы өткізу қабілетін арттыруға және тасымал ағынын жеңілдетуге көмектеседі.
Жоба бойынша ұзындығы 3,2 шақырым және ені 12 метр болатын айналма жол салынады. Бұл жол арқылы 100 тоннадан артық салмақтағы ірі жүк көліктері жүре алады. Сонымен қатар жалпы ауданы 81,6 гектар болатын автотұрақ та пайда болады.

Ахуал тұрақты
Қазақстанда Қытайдан әкелінетін электрлі көлік саны күрт өсті. Алайда 14 қазаннан кейін жеңілдікпен әкелуге бөлінген квота таусылғандықтан, ереже өзгерді. Сол себепті шекарада кезек пен жағдайға қатысты сұрақ көбейді.
Кеден бекетінің бастығы Мұрат Ерденбековтің сөзінше, жеке тұлғалар енді 12% КҚС төлеуі керек. Ал заңды тұлғалар көлікті жалпы тәртіппен рәсімдейді.
Кеденнің бас маманы Қанат Қасымбеков қазір шекарадағы ахуал тұрақты екенін айтып, уақытша сақтау қоймаларында бар-жоғы 50 электромобиль ғана тұрғанын хабарлады.

Көлік иелері қосымша квотаның бөлінгенін күтіп отыр. Алайда оның жыл соңына дейін бөлініп не бөлінбейтіні белгісіз. Ол шекарада немесе уақытша сақтау қоймасында мыңдаған көлік тұрып қалғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Оның сөзінше, қосымша квота мәселесін Мемлекеттік кірістер комитеті қарап жатыр. Келесі жылға жеңілдік қарастырылған, бірақ оның нақты көлемі кейін анықталады.
Айта кетейік, уақытша сақтау қоймасының ауданы — шамамен 2 000 шаршы метр. Ондағы жүк көліктерінің көбі қосымша кеден тексеруін күтіп отыр.

Көлікті уақытша сақтау қоймасында сақтау ақылы, өйткені бұл — жеке меншік аумақ, бір көлік үшін күніне — 3500 теңге. Сондықтан тұтынушыларға онда көліктерді ұзақ уақыт сақтау экономикалық тұрғыдан тиімсіз.
Қасымбеков МКК азаматтарға квота шегін алдын ала ескерткенін айтты. Алайда бұл кесірін тигізген.
— Осыдан кейін керісінше дүрбелең басталды. Көпшілігі көліктерді көптеп әкелуге тырысты, — деді ол.

Жеңілдік кімдерге еді
Жеңілдік жеке тұлғаларға, яғни Қазақстан азаматтарына арналған. Мұның мақсаты электромобиль нарығын дамыту және экологиялық таза көлікті қолжетімді ету еді.
Алайда Қазақстанның автокөлік одағы президенті Анар Мақашева мен Көлік нарығын мониторингілеу және сараптау агенттігінің директоры директоры Артур Мискарян Business FM-ге берген сұхбатында бұл жеңілдікті коммерциялық компаниялар көптеп пайдаланғанын айтты.
Кейбір кәсіпкер жүздеген көлікті КҚС төлемей әкеліп, бағдарламадан пайда тапқан.

Квота дұрыс қолданылмағандықтан, оның бастапқы мақсаты бұрмаланды: бағдарлама азаматтарды қолдаудың орнына коммерциялық пайдаға жұмыс істеп кетті.
Артур Мискарянның сөзінше, 2023 жылы квотаның жартысына жуығы пайдаланылған, 2024 жылы сәл көбірек, ал 2025 жылы толық қолданылған.
ҚАО деректері бойынша Қазақстанға шамамен 27 мың электрлі көлік әкелінген, бірақ автопаркте тек 16 мыңы тіркелген.
Бұл дегеніміз шамамен 11 мың көлік қайта экспортталған. Квота бойынша салықсыз әкелінген көліктерден бюджетке шамамен 30 млрд теңге шығын келген.
Сарапшылардың пікірінше, «сұр нарық делдалдарының» белсенділігіне байланысты квотаны көбейту мүмкін емес сияқты.

Бұған дейін Threads қолданушысы Алматыда ұлы КҚС төлемей, Қытайдан электромобильдер әкелгенін айтқан. Оның сөзінше, шекарада 1 000-нан астам көлік «тұрып қалған», әр көлікті рәсімдеу үшін қосымша шамамен 3 млн теңге қажет болып, барлығы 3 млрд теңгеден асқан.

Электрлі көліктердің бағасы өсті
Автобизнеспен бес жылдан бері айналысып келе жатқан алматылық кәсіпкер Адем Оспанов көліктер әдеттегідей тұрақты жеткізіліп жатқанын, шекарада қиындық жоқ екенін айтты.
Дегенмен жеңілдік аяқталған соң электрлі көліктердің бағасы 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін көтерілген. Бұл сұранысты сәл азайтқанымен, бірақ сатып алушылардың қызығушылығы әлі де жоғары. Барлық көлік КҚС төлемімен заңды түрде рәсімделеді.
— Негізінен біз жанармаймен жүретін және гибридті көліктерді әкелеміз, ал электромобильдер ішінде Honghi үлгілері бар. Жыл басынан бастап олар жеңілдікпен рәсімделген. Лимит 15 мың көлік болды, нарықта басқа да автобизнес қатысушылары бар. Қазір жеңілдік аяқталды, КҚС төлеуге тиіспіз. Келесі жылы квота беріле ме, жоқ па — белгісіз, сол себепті қазіргі жағдайға бейімделеміз, — деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, Honghi үлгілері бұрын 6,5 млн теңге болса, қазір 9-10 млн теңге шамасында. 2025 жылы бағасы кем дегенде 15% өсуі мүмкін.

Жүк пен көліктер қалай тексеріледі
«Нұр Жолы» өткізу бекеті тәулік бойы жұмыс істейді. Күн сайын шамамен 1 800 көлік — 1 200-і Қытайдан, 600-і Қазақстаннан өтеді. Солардың 600-і — автовоз, арнайы техника және үлкен көлемді көлік.
Жеңіл көліктер әдетте жарты күнде рәсімделеді. Тексеру көліктің түріне байланысты жүргізіледі: жеңіл көліктердің визуал тексеру және кинологиялық бақылаудан өтеді.

Ал жүк көліктері сканерлеу инспекциялық-бақылау кешені арқылы тексеріледі. Бұл жүйе олардың құрамын жылдам әрі тиімді анықтауға мүмкіндік береді.
Кейде тыйым салынған заттар да кездеседі. Мұрат Ерденбековтің айтуынша, қыркүйек айында бір адам жолаушылар автобусы арқылы Қазақстаннан Қытайға уран алып шығуға әрекет жасаған. Ол жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар контрабанда тауарларын тасымалдау оқиғалары да жиі тіркеледі.
Қазір кеденде 118 қызметкер жұмыс істейді. Олардың жұмыс кестесі ауысым бойынша: үш күн жұмыс істеп, үш күн демалады.

150 млрд теңге кедендік төлем мен салық
2025 жылғы қаңтар-қазан айында «Нұр Жолы» кеден бекеті арқылы 150 млрд теңге көлемінде салық пен кедендік төлем жиналды.
Осы уақыт ішінде 61 мыңнан астам жүк және жеңіл көлік рәсімделді. Жеңілдік схемасы бойынша шамамен 7 500 көлік өткен, олардың көпшілігі Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында тіркелген электромобильдер болды.
Транзиттік көліктерді есепке алу да белсенді жүріп жатыр: 2025 жылы 221 601 декларация рәсімделді, бұл былтырға қарағанда 25% көп.

Қытайдағы жаңа ережелер
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қытайда жаңа автокөліктерді экспорттауға қатысты жаңа ережелер енгізілді. Енді 180 күннен артық тіркелген «жаңа» көліктерді зауыттың ресми рұқсатынсыз, тағайындалған ел сервистік орталықтардың бар-жоғын көрсетпей, шетке шығару мүмкін емес.

Бұл шектеу жаңа көліктерді «қолданылған» деп көрсетіп экспорттау схемасын тоқтату үшін жасалды, бірақ Қазақстандағы импорттаушылар үшін жеткізу уақыты мен шығыны артады.
Кейінгі деректерге сәйкес, Қытайдағы электромобильдер шетел нарығын жаулап, Еуропада Tesla-ны басып озып келеді.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов электромобильдерді әкелуге жеңілдікті ұзарту туралы ұсыныс жасаған еді.