Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Электронды қалдықтармен жұмыс: Қазақстанда ГЭФ-ЮНЕП жобасы басталады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан электронды қалдықтардың құрамындағы қауіпті заттардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін азайтуға бағытталған «Қазақстандағы электрониканың өмірлік циклінде айналымдылық пен ресурстарды пайдалану тиімділігін ілгерілету» жобасын бастайды.

в
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметьінше, жоба Жаһандық экологиялық қордың (ГЭФ) қаржыландыруымен Электрониканы басқару жөніндегі жаһандық бағдарлама (GEM) аясында жүзеге асырылады. GEM — Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы (ЮНИДО) бастамасымен, БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) және басқа да халықаралық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылатын халықаралық бастама.

Бағдарлама елдерге электрониканы оның бүкіл өмірлік циклі бойы экологиялық қауіпсіз әрі ресурс тиімді басқаруға көшуге қолдау көрсетеді: саясат пен заңнаманы жетілдіру, технологиялар мен қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту, өнімнің тұрақты дизайнын ілгерілету, сондай-ақ жөндеу, қайта пайдалану және қайта өңдеу жүйелерін нығайту арқылы GEM бағдарламасы құнды ресурстарды сақтай отырып, электронды қалдықтардың экологиялық және медициналық зардаптарын азайтуды мақсат етеді.

в
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Электронды қалдықтар — әлемдегі ең жылдам өсіп келе жатқан қалдық түрлерінің бірі. Технологияның қарқынды дамуы, тұтынудың артуы және өнім өмірінің қысқаруы салдарынан жыл сайын миллиондаған тонна істен шыққан электрондық бұйым жиналады. Олардың көбінің құрамында дұрыс өңделмеген жағдайда адам денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін зиянды заттар бар. Сонымен қатар электрондық қалдықтардың құрамында бағалы металдар мен басқа да құнды материалдар кездеседі — бұл бұйымдар қайта өңделмей, жай ғана қоқысқа тасталғанда, аталған ресурстар қайтарымсыз жоғалады.

– Бүгінде электрондық қалдықтармен жұмыс мәселесі тек экологиялық күн тәртібінің шеңберінде қалып отырған жоқ. Ол өнеркәсіптік саясат, цифрландыру, халықаралық сауда, ресурстық қауіпсіздік, климаттық саясат және тұрақты экономикалық даму тоғысында тұр. Қазақстан үшін бұл жобаның басталуы — қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың, айналымды экономикаға көшудің және табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың маңызды кезеңі, - деді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов.

Жоба ұлттық әлеуетті нығайтып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға ықпал етеді және халықаралық озық тәжірибеге сай электрониканы тұрақты басқаруды ілгерілетеді.

Жобаның практикалық бөлігі бірнеше бағытты қамтиды: пилоттық қалалардағы үй шаруашылықтарынан электрондық қалдықтарды жинау модельдерін сынақтан өткізу, қайта өңдеу кәсіпорындарына техникалық қолдау көрсету, сұрыптау жүйесін жақсарту, электрондық қалдықтармен экологиялық қауіпсіз жұмыс істеу тәжірибесін енгізу және құнды материалдарды қалпына келтіру. Сонымен қатар жоба қауіпті заттарды анықтау құралдарын енгізуге, электрондық қалдықтар ағынына жүйелі мониторинг жүргізу негізін қалауға, сектор қатысушыларының әлеуетін дамытуға, сондай-ақ мемлекеттік органдар, бизнес пен халықаралық ұйымдар арасындағы үйлестіруді нығайтуға қолдау көрсетеді.

– Қазақстан үшін бұл жобаның маңызы тек экологиялық бастамамен шектелмейді. Ол мемлекет, бизнес, қайта өңдеушілер, импорттаушылар, сарапшылар және азаматтық қоғам ұйымдары арасындағы диалог үшін нақты алаң болмақ. Мұндай серіктестік электрондық қалдықтарды жасырын мәселе болудан шығарып, оны заманауи айналымды экономиканың ажырамас бөлігіне айналдыру үшін қажет, - деді «Тұрақты дамуға көмектесу» орталығының атқарушы директоры Вера Мустафина.

Жобаның ресми таныстырылымы 2026 жылғы 30 маусымда Астана қаласында өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, электроника өндірушілері мен импорттаушылары, қайта өңдеушілер, салалық қауымдастықтар, сарапшылар қоғамдастығы және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Семинар барысында жобаның мақсаттары мен күтілетін нәтижелері таныстырылды, электрондық қалдықтарды басқару саласындағы негізгі мәселелер талқыланды, іске асырудың бірінші кезеңінің басым бағыттары айқындалды, сондай-ақ жобаның көпжақты үйлестіру тетігі іске қосылды.

Айта кетейік, Тараз маңына қалдық тастаған кәсіпорынға 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды.