«Электрондық үкімет» веб-порталынан басып шығарылған кез-келген анықтаманың барлық органдарда заңды күші бар - EPAM Systems компаниясының вице-президенті

АНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ -  «Электрондық үкімет» веб-порталы іске қосылған 2006 жылдан бері электрондық  түрде қызмет алушылардың саны 1 142 837-ден асып жығылды. Бұл қоғам өміріне қарқынмен еніп отырған жаңа технологиялардың қазіргі кезеңінде жемқорлыққа жол беретін адами факторларды айналып өтуге және ең бастысы,
None
None

  уақытты үнемдеу үшін халық пен бизнес құрылымдарына аса қажет жоба екендігінің көрсеткіші.

Жалпы, бұл саладағы атқарылып жатқан жұмыстар ел үкіметінің басты назарында болып келеді. Дүйім дүниені дүрліктіріп, біздің елге де ықпалын тигізіп жатқан дағдарыс лаңына қарамастан, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «Электрондық үкімет» мәселесін үнемі бақылауында ұстап, қадағалап отыр. Мәселен, кеше Астанадағы «Бейжің Палас» қонақ үйінде  өткен «Электрондық Үкіметтің бастамалары» атты  төртінші халықаралық конференцияға да тікелей өзі қатысып, біраз істің басын шолды.

Статистика көрсетіп отырғандай, 2009 жылдың қаңтарында «Электрондық үкіметке» кірушілердің саны 47 182 болса, қыркүйек айында бұл көрсеткіш 104 752-ге жеткен.  Үстіміздегі жылы электрондық  қызметтерді алуға порталға 8 661 қолданушы тіркелген. Бүгінде оларға қызметтірдің 41 түрі көрсетіліп отыр, ал жыл соңына дейін қызметтер тізімі 54-ке дейін арттырылатын болады. 

2006 жылы Қазақстан Республикасында «электрондық үкімет» бағдарламасын іске қосқан, 2007 жылы «электрондық үкімет» шлюзы мен мемлекеттік органдардағы интернет-порталды, сондай-ақ электрондық  қызметтер порталын құрған, тапсырыс бойынша бағдарламалық қамтамасыз ету саласында әлем нарығында аса танымал EPAM Systems компаниясының вице-президенті Анатолий Гавердовскийдің пікірінше, «электрондық үкімет» бүгінгі күні посткеңестік кеңістіктегі үкіметтің жалғыз бірегей ұйымы.

«Портал халыққа биліктің барлық мемлекеттік және муниципалдық органдарымен бірлесіп әрекет етуге мүмкіндік береді. Менің ойымша бұл бүгінгі күні Ресейге жетіспей отырған құрал. Жобада «бір терезе қағидаты» жүзеге асырылған. Бұған дейін қандай да бір біріктірілген анықтамаларды алу үшін түрлі мекемелердің табалдырығын тоздыруға тура келетін болса, бүгінде біз бұл жүйелердің барлығын біріктірдік. Электронды қызметтерге заңды күш беретін механизмдер әзірленіп, қызметтердің ауқымы барынша кеңейтілді. Енді Қазақстан Республикасының азаматы интернет арқылы принтерден басып шығарған кез-келген анықтаманың барлық мемлекеттік органда толық заңды күші бар», - дейді ол.

Үкімет жұмысындағы ашықтықты арттыру, жеке және қоғамдық маңызы бар мемлекеттік ашық ақпараттарды алуға азаматтардың құқығын жүзеге асыру, мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметіне қоғамдық қадағалаудың қажетті деңгейі мен азаматтық қоғам бостандығын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтық қоғам институты мен демократияны қалыптастыру - «электрондық үкімет» веб-порталын құрудағы Үкіметтің көздеген басты мақсаты.

Бұл қағидаттарды жүзеге асыру бағытында ҚР Үкіметі тарапынан бірқатар маңызды шаралар жасалды. Алғашқы қадам ретінде, 1998 жылы Қазақстан Республикасында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты бағыттары бойынша қызметтер мен ұлттық ақпараттық инфрақұрылымды құру және дамыту жөніндегі жұмыстарға координация жасайтын Комиссия құрылды.

Бұдан кейін 2000 жылы, Көлік және коммуникация министрлігінде Ақпарат және байланыс жөніндегі комитет жасақталды. Дәл осы Комитеттің келуімен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында нормативті-құқықтық база қалыптасып, Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымның жалпы дамуы қарқынды серпін алды деуге болады.

Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі ілгерілету мақсатында сондай-ақ «Ақпараттандыру жөніндегі», «Электрондық  құжат және электрондық  қолтаңба туралы» Заңдар енгізілген толықтырулармен іске қосылып, ҚР-ның «Байланыс туралы» жаңа заманауи заңы әзірленіп, қабылданды.

Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, Үкімет 2003 жылы аталмыш Комитеттің жанынан мемлекеттің ақпараттандыру және байланыс саласындағы саясатын жүзеге асыратын құзырлы орган - Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс агенттігін құрды.  2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған ҚР-да «электронды үкіметті» құру мемлекеттік бағдарламасы пысықталып, бекітілді.

 Бүгінгі күні «Электрондық үкімет» инфрақұрылымын құру мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын жүзеге асырушы бірден-бір ұлттық оператор «Ұлттық ақпараттық технологиялар» Жабық акционерлік қоғамы болып табылады. Ал ақпараттық-коммуникация саласының экономикалық тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2008 жылы құрылған «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ-ның институционалдық базасында бүгінгі күні бірнеше еншілес компаниялар жұмыс істейді. Олар - «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазсатнет» АҚ, «Қазконтент» АҚ, «Ұлттық процессингілік орталық» АҚ, «Электрондық  коммерция орталығы» ЖШС және «Ақпараттық қаржылар жүйесі орталығы» ЖШС.

Соңғы жаңалықтар