Электросамокатшыларға қандай тыйым салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Маусым ашылғаннан бері электросамокатшылар тарапынан жол қозғалысы ережесін бұзудың 1,5 мыңнан астам фактісі анықталды.

Алматы улицы электросамокат автобус дорога жол көше
Фото: Александр Павский/ Kazinform

 Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты.

— Тағы бір тоқталғым келген мәселе — бұл электросамокаттарды пайдалану. Маусым ашылғаннан қазіргі уақытқа дейін 1,5 мыңға жуық бұзушылық анықталды. Электр скутерлерін пайдаланушылардың қатысуымен тіркелген жол-көлік оқиға және зардап шеккендер бар. Сондықтан, жол жүрісі қағидаларын сақтаңыздар деп айтқым келеді. Электросамокаттардың жүргізушілері велосипед жолымен, ал ол болмаған кезде жолдың жүріс бөлігінің оң жақ жиегімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен қозғалады. Жүру бөліктеріне жүргізуші куәлігі бар және міндетті түрде мотошлем киген 18 жастан асқан адамдар жіберіледі, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, электросамокаттардың тротуарда жүруіне рұқсат етіледі. Бірақ бұл ретте жаяу жүргінші тротуарда басымдыққа ие. Яғни, электросамокаттардың жүргізушісі жаяу жүргіншілердің қозғалысына қауіп төндірмеуі керек.

— Егер электросамокатшылардың құқықтарын айтсам, негізгі тыйымдар туралы да айту қажет. Электросамокатшылардың жүргізушілеріне рөлді бір қолымен ұстамай жүруге, жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға, басқа көлікті сүйреуге, тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын затсыз жүруге тыйым салынады, — деді Қайсар Сұлтанбаев.

Бұған дейін ертеңнен бастап мопед жүргізушісі механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне жүктелген жауапкершіліктің барлық спектрін көтеретіндігін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар