Жол ережесін бұзған мопед жүргізушілеріне жаза қатаңдатылады
АСТАНА. KAZINFORM — Ертеңнен бастап мопед жүргізушісі механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне жүктелген жауапкершіліктің барлық спектрін көтереді.

Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты.
— Егер бұрын жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін мопед жүргізушілері Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 615-бабы бойынша 2 айлық есептік көрсеткіш айыппұлмен жол қозғалысына өзге де қатысушылар ретінде жауапкершілікке тартылса, 2025 жылғы 5 сәуірден бастап, мопед жүргізушісі механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне жүктелген жауапкершіліктің барлық спектрін көтеретін болады. Мысалы, бағдаршамның тыйым салу белгісіне өткені үшін мопед жүргізушісіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Сонымен қатар комитет басшысы мас күйде мопед жүргізетіндерге баса назар аударды.
— Қазір мопедті алкогольдік масаң күйде басқарғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 440-бабы бойынша қоғамдық орындарда масаң күйде болғаны үшін жауапты болады және 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу жазасы қолданылады. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабы бойынша нормалар қабылданғаннан кейін мопед жүргізушісі алкогольдік масаң күйде көлік құралын жүргізгені үшін жауапты болады және санкция 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруды көздейді, — деді Қайсар Сұлтанбаев.
Комитет төрағасының атап өтуінше, мопедті жүргізу үшін А, А1 немесе В санатымен жүргізуші куәлігі қажет. Автокөлікті тіркеу қағидаларына қажетті түзетулер енгізілді. Бүгінгі күні 24 мыңға жуық мопед тіркеліп, 2 мыңнан астам А және А1 санатты жүргізуші куәлігі берілді.
Мопедтерді тіркеу үшін:
— жеке басын куәландыратын құжаттарды ұсыну (электронды түрде болуы мүмкін), техникалық құжатты немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтерді ұсыну;
— өтінішті толтыру, мопедті қарап-тексеру және мопедті тіркегені үшін мемлекеттік баждарды төлеу (0,25 АЕК немесе 983 теңге), тіркеу туралы куәлік беру (1,25 АЕК немесе 4 915 теңге) және мемлекеттік нөмір (1,4 АЕК немесе 5 505 теңге) жеткілікті.
Осыған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Мәжілістің жалпы отырысынан кейін мопедін тіркеп үлгермеген қазақстандықтарға үндеу жасады.